Қамысқалада «Rahat.etnostyle» ұлттық киім орталығы ашылды

 

Бүгін Х.Ерғалиев ауылында қуанышты сәт – ұлттық нақышты дәріптейтін жаңа орталық салтанатты түрде ашылып, тұсауы кесілді. Бұл «Rahat.etnostyle» ұлттық киім жалдау орталығының ашылуы ауыл тұрғындары үшін ерекше жаңалық болды.

 

 

Салтанатты шарада нысанның лентасын ауыл әкімі Рафиғат Тажиденова мен  «Аққу» бөбекжай-бақшасының директоры Алма Гизатуллина қиып, игі тілектерін арнады. 

 

 

Ал келесі кезекте сөз алған ауылдық округ депутаты Әнес Сидеғалиев кәсіпкердің еңбегіне сәттілік тілеп, ұлттық дәстүр мен сәнді ұштастырған бастаманың маңызын атап өтті.

 

 

Көпшілік алдында ауыл өнерпазы әуелете салған әні шараның шырайын кіргізсе, орталық иесі, кәсіпкер Әлия Өмірзақованың қолынан шыққан ұлттық киімдер топтамасы сән көрсетілімі ретінде ұсынылды.

 

 

Әлеуметтік желінің әлеуеті артқан заманда ғаламтор арқылы да көпке танымал кәсіпкеріміз ұлттық киімге көптің сұранысы күннен күнге артып келе жатқанын жасырмайды.

 

 

— Бүгін — біздің отбасымыз үшін ерекше күн. Көптен күткен «Rahat.etnostyle» ұлттық киім жалдау орталығының есігін ресми түрде ашып отырмыз. Бұл орталықты ашудағы басты мақсатымыз — халқымыздың бай мұрасын, сән мен салтанатқа толы ұлттық киім үлгілерін насихаттау, сонымен қатар қазіргі заман талабына сай сапалы да әсем қызмет ұсыну. «Rahat.etnostyle» тек киім жалдау орны емес, ол — ұлттық мәдениетімізді жаңғыртып, келер ұрпаққа жеткізудің бір жолы деп білемін. Әрбір киім арқылы қазақ халқының нәзік талғамын, көркем өрнегін және рухани байлығын көрсеткіміз келеді. Осы істің жүзеге асуына атсалысқан барша жандарға шын жүректен алғыс айтамын. Жаңа бастамамыз сәтті болып, орталығымыз халыққа қуаныш, сән мен әсемдік сыйласын,-деді ол өз сөзінде.

 

 

Ашылу салтанаты соңында ауыл үлкендері кәсіп иесіне бата беріп, ал жастары жылы лебіздерін білдіріп, дәстүрге сай бауырсақ пен ақтан дәм татты.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT