Х.Ерғалиев ауылынан тағы бір жоба жұмысын бастады.
«Жас проджект» жобасы бойынша ауылдан грант ұтқан төрт бастамашыл топтың бірі - тігін өнерімен айналысатын «Мерей» ісмерлер клубы. Жастардан құралған топ ұсынылған жоба қоғамға пайдасы бар қызметке бағытталуы тиіс. Аталған клубтың ашылу салтанатында алғаш боп сөз алған Қамысқала ауылдық округі әкімі аппаратының қаржы шаруашылығы бойынша басшысы Серік Смағилаұлы әлеуметтік жобаның бастамасына сәттілік тілеп, алдағы уақытта бұндай істердің жалғасты болуын тілек етті.
- Мен үйде бала күтімімен отырған ана едім, енді бүгін ел үшін қызмет ететін маман атанып, мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланғалы отырмын. Қыз баласының қолөнерге жақын болуы заңдылық қой, менің де арманым өз қолымнан шыққан өнімдерді ел игілігіне жарату болатын. Жастар корпусын дамыту жобасы мен жоба барысында қызмет еткен жандарға алғысым шексіз, - деді топ басшысы Орынгүл Ердәулетқызы.
Ауыл орталығынан орын алған тігін шеберханасы тұрғындарға киім тігу, пішу, шілдехана, тойларға тойбастарлар сыйлықтарын, түрлі тастардан әшекейлер, тұсаукесер тойға арналған бұйымдар, қазақи үлгідегі кәжекейлер тігу қызметтерін ұсынады.
Жоба барысында Орынгүл Шонтыбаева, Айжан Ибатова, Жұлдыз Серіковалар ауыл халқына тегін қызмет көрсетеді. Айта кету керек, жобаның жалпы сомасы 1 миллион теңгені құрайды.
Анаргүл ҚҰСАЙЫНОВА