Биылғы қыс ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтар үшін оңай кезең болып отырған жоқ. Ауа райының құбылмалығы, жауын-шашынның жиі түсуі және мал азығы бағасының өсуі шаруагерлерге қосымша салмақ салды. Алдымен жауған жаңбырдың арты қарға ұласып, жер бетінде мұздақ қабат пайда болды. Мұндай жағдайда түзде жайылған малдың тебіндеуі қиындап, шаруалар үшін жем-шөп қорының маңызы арта түсті.
Шаруагерлердің айтуынша, қысты аман өткерудің басты кепілі – жеткілікті әрі сапалы мал азығы. Шөп пен жем бағасының қымбаттауы ұсақ және орта шаруашылықтарға едәуір салмақ түсіріп отырғаны байқалады.
Осыған байланысты аудан әкімдігі тарапынан нақты қолдау шаралары қолға алынды. Бүгін Қамысқала ауылдық округіне Орал қаласынан барлығы 39 тонна мал азығы жеткізілді. Бұл – кебек емес, тартылған ақ бидай жемі. Бір килограмы 104 теңгеден сатылымға шығарылды. Жемді жеткізу жұмыстарына арнайы техника мен жанар-жағармай жағынан «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы мен «ПотенциалОйл» компаниясы қолдау көрсетті.

Қамысқала ауылдық округінде 728 отбасы бар. Оның 204-інің қолында мал бар. Сондай-ақ округте 70 шаруа қожалығы тіркелген. Ауыл әкімі Рафиғат Тажиденованың айтуынша, бәріне бірдей жетуі үшін шаруа қожалықтарына 20 қаптан, ал тұрғындарға 5–10 қаптан жем сатылуда.
Кебек жемнің құнарлылығы бидай жеміне қарағанда төмен. Ал қазіргі таңда оның бағасы 120–130 теңге аралығында сатылуда. Осы тұрғыдан алғанда, ақ бидай жемі әрі тиімді, әрі қолжетімді. Оның кебек жемге қарағанда құнары әлдеқайда жоғары, малға сіңімді, нәтижесі де жақсы. Тұрғындар таңертеңнен бастап кезекке тұрып, жемді кезең-кезеңімен алуда. Таңертең жеткізілген жем түстен кейін де сатылып жатыр. Әр қабы 25 килограмм тартатын тартылған бидайдың бір килограмы 104 теңгеден, яғни бір қабы 2600 теңгеден сатылуда,-дейді ауыл әкімі Р. Әнуарбекқызы.

Қамысқала ауылдық округіне жеткізілген жем қоры Тұщықұдық пен Аққыстау ауылдық округтеріне де сатылатын болады. Бұл бірнеше елді мекенді қамтитын жүйелі қолдау шарасы ретінде жүзеге асырылуда.
– Халық қиналған, қыс қыспағы күшейген уақытта арзан бағада мал азығын жеткізіп, қолдау көрсеткен аудан және ауыл әкімдіктеріне алғысымыз зор. Әсіресе, жылқы малы үшін биылғы қыс ауыр тиді. Бұған дейін базардан және жеке адамдардан 18 килограммдық кебекті 2600 теңгеден сатып алып жүрген едік. Бүгінгі көрсетілген көмек көпке демеу болып, жыртықты жамағандай болды. Осындай қолдау алдағы уақытта да жалғасын тапса екен, – дейді «Қалидолла Қадиров» шаруа қожалығының басшысы Қалидолла Қадиров.

Сонымен қатар, жем-шөп бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында тиісті бақылау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Алдағы қысқы маусымдарда ауа райының қолайсыздығы туындаған жағдайда, елді мекендерде резервтік мал азығын сақтайтын ангарлар мен арнайы жабдықталған орынжайлар дайындау мәселесі де назарға алынғанын бұған дейін жазған едік.
Жалпы, атқарылып жатқан жұмыстар шаруагерлерді мал азығымен қамтамасыз етуге және қыс мезгіліндегі тәуекелдерді азайтуға бағытталған. Мұндай шаралар алдағы кезеңде жем-шөп тапшылығының алдын алып, ауылдық округтердегі жағдайды тұрақты деңгейде ұстауға мүмкіндік береді.
Ж.МӘЛІМҚОЖА


