«Жақсылық жаса – қайырын өзің көресің» дейді дана халқымыз. Расында да «қайырымдылық», «мейірімділік», «жанашырлық» деген ұғымдар – адам баласының жүрегіндегі ең асыл қасиеттердің өлшемі. Өмір кейде адамды ауыр сынақтарға салып, төзімін таразыға тартады. Бірақ дәл сондай сәттерде демеу болып, үміт отын сөндірмей ұстап тұратын кең жүректі жандар барда қоғам да мейірімге бөленеді. Осындай ізгілік керуенінің алдыңғы сапында жүрген ұйымдардың бірі – «Харекет» қайырымдылық қоры. Бұл қор талай шаңыраққа шаттық сыйлап, талай жанның үмітін қайта жаққан игі бастамаларымен ел алғысына бөленіп келеді. Жуырда қордың қолдауымен Х.Ерғалиев ауылының тұрғындары – жеті баланы тәрбиелеп отырған, тұрмыстық жағдайы төмен Жақсымбетов Еркін мен Шобалаева Мөлдірдің отбасына Атырау қаласынан баспана табысталды. Бұл – «Харекет» қоры арқылы берілген 1623-ші үй. Ал аталған ауыл бойынша төртінші баспана.
Бір үй – бір отбасының тағдырын өзгертетін үлкен мүмкіндік. «Үйі бардың – күйі бар» дейді халық даналығы. Жеті баланың шат күлкісі жаңа шаңырақта жаңғырып, көп балалы отбасының еңсесі тіктелді. Ең бастысы – ертеңге деген сенім нығайды. Қайырымдылықтың шынайы құны – айтылған уәде мен әдемі сөзде емес, нақты атқарылған істе. Бұл бастама – ел ішіндегі бірлік пен жанашырлықтың жарқын көрінісі.
Ауылдың әлеуметтік мәселелеріне бейжай қарамай, мұқтаж жандарға қолдау көрсету ісіне белсенді араласып жүрген ауыл азаматы, аудандық мәслихат депутаты – Әнес Сидеғалиев. Ол игі бастамалардың жүзеге асуына атсалысып келеді.Бұл жолы да атқарылған істің қалай бастау алғанын, оның негізгі мақсаты мен кезеңдерін қысқаша баяндап өтті.
– Негізі бұл қордың облыстағы басшысы атыраулық, желтоқсан айында қайғылы оқиға салдарынан өмірден өткен марқұм Мөлдір Рүстемқызының ізгі ниетімен сәтті жүзеге асып жатқан еді. Қайырымдылықты өмірлік ұстанымына айналдырған оның бастамасы уақыт өте аяқсыз қалмай, артында қалған әріптестері мен ізбасарлары арқылы лайықты жалғасын тауып отыр. Бұл – жақсылықтың үзілмейтін аманат екенінің айқын дәлелі. Енді міне, игі істің жүзеге асуына Атыраудағы «Харекет» қорының жетекшісі Мейрамбек Шакиров пен бастамаға белсене атсалысқан, жас болса да елге жанашырлығымен танылып жүрген Айдархан Махсотов айрықша үлес қосты. Олардың табандылығы мен ұйымдастырушылық қабілеті мұқтаж отбасының жаңа өмірге қадам басуына жол ашты. Сондай-ақ ұйымдастыру жұмыстарында театр актрисасы Әйгерім Силықова қарындасымыздың да еңбегі бар, – дейді ол.
Баспана табыстау рәсімі де ерекше форматта өтті. Отбасы Атырау қаласына арнайы шақырылып, салтанатты сәт Атырау жастар театрының сахнасында ұйымдастырылды. Бұл – қайырымдылықтың тек материалдық көмекпен шектелмей, рухани демеу де бола алатынын айғақтаған тағылымды көрініс. Сахна төрінде кілт табысталған сәтте қуаныштан толқыған жанарлар, алғысқа толы жүректер – мейірімнің шынайы көрінісі еді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, мұндай игі істер қоғамдағы сенімді арттырып, адамдарды бір-біріне жақындата түседі.
Жақсылық жарық сәуле секілді. Ол бір жүректен екінші жүрекке тарайды. «Харекет» қорының әрбір табыстаған үйі – үміт, сенім және болашаққа бастар жаңа жол. Жақсылықтың жолы үзілмесін.
Әсел ТАБИҒАТОВА


