Қамысқалалық жайдарманшылар жарады

Атырау қаласында  облыстық премьер лига және жоғарғы лига  ойындары өтті. Атылмыш екі лига да  сәлемдесу және жұлдызбен көрініс  атты екі кезеңнен тұрды.  Өңірдің жайдарманшы жастарының басын қосқан сайыста Қамысқала ауылынан «Жаңа байлық» және «Әжесінің балалары» атты  екі топ сынға түсіп, аудан мерейін асқақтатты.

  • «Әжесінің балалары» командасы 2022 жылы құрылды. Сол жылы аудандық лиганың чемпионы атанып, әкім кубогін де еншіледік. Мұнымен тоқтап қалмай,  сериал түсіріп те бастадық. Түрлі жарнамалық роликтер түсірдік, концерт ұйымдастырдық, енді міне премьер лиганың вице чемпионы атанып отырмыз. Бұл үлкен өсу, даму және нәтиже. Балалардың сахнаға деген, жайдарманға деген, махаббаты әр кезең  сайын өсіп келеді. Тек қана қуанамын. Ойын туралы айтар болсам, сәлемдесу сайысында біз толық 5 ұпайды иеленіп көш бастадық. Ал жұлдызбен көрініс сайысында жайдарманшы ағамыз, «Индер» құрамасының капитаны Бірлес Бакетовпен  өнер көрсетіп, 4,6 ұпай иелендік. Жалпы есеппен 9,5 ұпаймен вице чемпион атандық. Чемпиондыққа сәл жетпей қалдық. Бірақ алғашқы жылымыз үшін үлкен нәтиже деп білемін. Чемпион болмасақ та ең бастысы халықтың көңілінен шығып, қошеметіне бөлендік. Ауылдық, аудандық Жайдарман ойындары дамып келеді. Дамуына өз үлесімізді қосып жатырмыз деп білемін,-деді «Әжесінің балалары»  командасының жетекшісі Нұрберген Мирамбайұлы бізбен болған қысқа әңгімесінде.

 Бір ауылдан шыққан екі  команда премьер лига және жоғарғы лиганың вице чемпиондары атанып, көңіл қуантты. Атап айтсақ, 24 қараша күні жоғарғы лиганың финалы өтті. Бұл ойында бір үйдің балалары «Жаңа байлық» құрамасы өнер көрсетті. Әдеттегідей сайыс екі кезеңнен  тұрған. Сәлемдесу бойынша жақсы өнер көрсетіп, көш бастаса, екінші кезең жұлдызбен көрініс айдарында жетекшілері, жайдарманшы Мақсот Тілепбергеновпен бірге өнер көрсеткен.

  • Иә, екі лиганың  вице чемпионы атандық. Бұл ауыл жайдарманының өсуі мен өркендеуі. Екі команда екі бөлек болғанымен мақсаты бір,жасалып жатқан жұмыс ортақ. Ауылдың атын шығару үшін еңбектенудеміз.   Мұнымен тоқтап қалмай, ортақ сериал түсіріп бастадық, концерт ұйымдастырдық. Алдағы уақытта да үлкен жоспарлар бар. Қолдайтын демушілер мен жанкүйерлер  болса, бізден шығар дүние өте көп. Осы орайда екі команданы да осы күнге дейін қолдап келе жатқан  отбасымызға, сүйікті көреремерімізге мың алғыс айтқым келеді,-дейді Нұрберген Мирамбайұлы. 

Жайдарман– өнерлі жастарды тоғыстырған достық мекені. «Сен тұр мен атайын» дейтін кіл мықтылар жиналған ортада жұлдыздай жарқырай алу, басқа қонған бақтай. Екі лиганың вице чепионы атанған «Жаңа байлық» және «Әжесінің балалары» командаларының алар асулары әлі алда екені даусыз. Сонымен қатар аталмыш командалар қаржылай сыйлықтарды да иеленді. Жас жайдарманшыларға алдағы сайыстарға да сәттілік тілейміз.

                                                                                                                                                    Жұлдыз СЕМБИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT