Қанат қаққан қайсар буын

 

Бүгін 12 тамыз - халықаралық жастар күні. Олар – ауыл көшесін жандандырған ерікті, білімімен биікке самғаған талапкер, ауылдың кешкі тыныштығын әуезімен тербеген өнерпаз, өз идеясын іске асырған жас кәсіпкер, ел намысын қорғаған спортшы, өзгеге үлгі бола білген өрен. Бүгінгі Исатай жастары – бос ұран емес, нақты ісімен танылған буын. Жастар қай кезде де жаңашылдық пен серпілістің символы саналған. Сондықтан болар, жыл сайын 12 тамызда атап өтілетін Халықаралық жастар күні – жас буынның қоғамдағы орнын, ел дамуындағы үлесін айқындайтын маңызды дата ретінде күн тәртібінен түскен емес. 

Ауданда бүгінде 14 пен 35 жас аралығындағы 8 566 жас тіркелген. Бұл  – аудан халқының қомақты бөлігін құрайтын үлкен әлеует. Аталған жастардың 424-і түрлі салада жұмыспен қамтылған, ал NEET санатындағы, яғни оқымайтын, жұмыс істемейтін және оқуға дайын емес жастар саны бар-жоғы 76 адам ғана. Бұл аудан жастарының небәрі 0,9 пайызын құрайды. Аталған көрсеткіштің төмен болуы – жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқан жастар саясатының, мақсатты қолдаудың және бағыт-бағдар берудің нәтижесі.

Исатай аудандық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Нұрдәулет Ателовтың айтуынша, бүгінгі таңда аудан жастары тек білім мен жұмыс саласында ғана емес, қоғамдық өмірде де белсенді. Атап айтқанда, еріктілік бағытында «Аққыстау иман жастары» және «ECOVOLUNTEER» секілді екі волонтерлік топ құрылып, олардың құрамына 107 жас тартылған. Бұл жастар қайырымдылық акцияларынан бастап, қоғамдық шаралар мен экологиялық бастамаларға дейін түрлі істердің бел ортасында жүр.

 

 

Халықаралық жастар күніне орай 1-12 тамыз аралығында ауданда арнайы апталық ұйымдастырылып, ауқымды мәдени-спорттық іс-шаралар өтіп жатыр. Олардың қатарында қайырымдылық акциясы, караоке кеші, спорттық турнирлер, экскурсия, марафон, кино көрсетілім, ақындар мүшәйрасы, интеллектуалдық сайыс, мүгедектігі бар жастар арасындағы өнер сайысы сынды мазмұнды шаралар бар. Әрине мұның бәрі көңіл көтеру емес, жастардың әлеуетін танытатын, талантын шыңдайтын, өз ортасына үлгі ететін маңызды бастамалар. Егемен елдің жастары – баянды болашақтың байрағын көтеріп, жарқын келешектің желкенін керіп келе жатқан буын. Аудан жастарының білімге ұмтылысы, жұмыспен қамтылуы мен қоғамдық белсенділігі  болашаққа деген сенімді нығайта түседі. Жас болса да бас болып, биік белестерді бағындырған жастарымыз аз емес. Осы орайда ауданымыздан түлеп ұшып, түрлі салада табысқа жеткен талапты жастарды таныстыратын уақыт та келді деп есептейміз.

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT