Кандидат мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелерін көтерді

Президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова Түркістан қаласындағы «Шапағат» мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамдастығының «Ғиззат» мотивациялық орталығында болды.

Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда 697 мыңға жуық адам мүгедек болса, оның 419 мыңнан астамы еңбек жасындағылар екен.
«Бұл қоғамның үлкен бір бөлшегі, оны қоғамға біріктіру керек. Бірде-бір азамат оқшауланбауы керек, өзін артық немесе қажетсіз сезінбеуі тиіс. Бұл орталық әлеуметтік ортаға бейімделумен, оңалтумен айналысады. Бұл - маңызды жұмыс. Ең мұқтаж жандарға қамқорлық жасалған жерде ғана басқалар бақытты бола алады», – дейді Салтанат Тұрсынбекова.
Оның айтуынша, балаларға ғана емес, ересектерге де, мүмкіндігі шектеулі туыстарына қамқорлық жасайтын адамдарға да көмек көрсету маңызды.
«Бұл туралы Қарағандыда қоғам белсенділерімен кездесуде де айттым. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қамқорлық жасайтын адамдарға қолдау көрсету маңызды. Бүгінде жәрдемақы мен зейнетақы отбасылардың ең қарапайым қажеттіліктерін өтей алмайды. Мүгедек баласы бар анаға айына небәрі 52 мың теңге бөлінеді. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Оның үстіне, мүмкіндігі шектеулі жандарға инфрақұрылым да ойластырылмаған. Бір мәселе - пандустар. Оның өзінде тек ірі қалаларда. Олардың көпшілігі сыртқы келбет үшін орнатылған, бордюрлердің дәл алдына қойылған. Ал зағип, есту қабілеті нашар азаматтарға және басқа да диагноздарға арналған инфрақұрылым ше? Біз жағдайды өзгертуіміз керек», - деді Салтанат Пархатқызы.
Сонымен қатар, үміткер халықтың осы тобын қолдауға елімізде қаражаттың жеткіліксіз бөлінетінін ашық айтты.
«19 миллионнан астам халқы бар елде мұндай шағын топқа көмектеспеу - үлкен қылмыс. Үкімет бар жерде қаражат бар. Сондықтан, «ақша жоқ» деген сылтаулар ақылға сыймайды. Біз қазақстандықтардың өмірін жақсартуды жылдар бойы күте алмаймыз. Өзгеріс бүгін және ертең қажет», - деді ол.
Тағы бір мәселе бар – қазақстандық жұмыс берушілердің әрекеті. Олардың көпшілігі мүгедектердің жақсы жұмысшы бола алатынына сенбейді, деп санайды кандидат.
Кейбір адамдардың ерекше қабілеттері жұмыс процесін одан да жақсырақ ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Оған «Шапағат» қоғамының мүшелері мысал бола алады. Мәселен, бір кездесуде олардың бірі халықаралық бағдарлама бойынша қашықтан жұмыс істеп жатқанын айтқан.
«Аяғыммен жүрмесем де, өзімді шектелгендей сезінбеймін. Бірақ санам мен қолым 100 пайыз жұмыс істейді», - деген еді ол.
Орталықтың негізін қалаушы Еркінбай Шалтан да мекемеде патент ала алмай жүрген жақсы жабдықтар бар екенін айтты.
«Бізде оңалту үшін қажет белгілі бір бұлшықет топтарында жұмыс істейтін бірегей тренажерлар бар. Шетелдік тренажерлар орталықтағылар сияқты тиімді емес. Өкінішке орай, бұл тренажерларға сертификаттар немесе лицензиялар бере алатын компаниялар жоқ. Сертификатсыз патент берілмейді», - деді ол.
Салтанат Тұрсынбекова қоғамдастық мүшелерінің барлық арыз-шағымдары мен өтініштерін тыңдап, өзінің сайлауалды бағдарламасына тоқталды, онда мүгедектерге көмектесу және тұрмысын жақсарту мақсатында ең төменгі жалақы мен күнкөріс деңгейін (зейнетақы, төлемдер мен жәрдемақылар) арттыруды ұсынып отыр. 1-2 топтағы мүгедектер мен мүгедек балаларды күтетін азаматтардың зейнеткерлік жасын қысқарту, қиын өмірлік жағдайдағы отбасылардың қарызын есептен шығару, қолжетімді бағадағы азық-түлік пен тауарлармен әлеуметтік дүкендер желісін құру мәселелері қаралған. Үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілерді тарта отырып, әлеуметтік тұрғын үй және инфрақұрылым (оның ішінде инклюзивті орталықтар) құрылысының жоспарын құру арқылы бағалар нарығын реттеу де аса маңызды.
Жиын соңында құқық қорғаушыға қоғам мүшелері күтіп-баптап отырған өз бақшаларында өсіп тұрған раушан гүлін сыйға тартты.
Салтанат Тұрсынбекова штабының
Баспасөз-хабарламасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521