Қарақұрт – уы жыланның уынан 15 есе артық болатын қауіпті жәндіктің бірі. Оның шағуы адамға да, малға да аса қауіпті делінеді. Өкінішке қарай, бүгінде оның аудан аумағында күрт көбеюі қауіп төндіріп отырған жайы бар.
Осы бір улы жәндік туралы айтқанда, оның өте қауіптілігінен үлкен-кіші ауылдастар да хабарлы десек болғандай. Өйткені, осыдан екі-үш жыл бұрын облысымызда қарақұрт қаптап кеткені, сол уақытта зиянды жәндік 120-дан астам түйені шағып, оның 16-сы бірден арам қатқаны, қалғанын иелері аман алып қалғаны туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жазылғаны белгілі.
Қауіпті зиянкес сол жолы адамдарды да айналып өткен жоқ. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарынан қарақұрттың ол 10 адамды шағып алғаны, абырой болғанда, дәрігерлер дер кезінде медициналық көмек көрсетіп үлгергені туралы да білгеніміз бар.
Міне, енді биыл да сол қарақұрт тағы өріп шықты. Осыдан кейін бұл осы айдың бас кезінде аудан әкімдігінде аудан басшысының төрағалығымен өткен алқалы басқосудың күн тәртібіне де шығарылып, ауыл шаруашылығы саласының мамандары мен жергілікті шаруагер ағайындар онымен күресті өзекті мәселе ретінде көтеріп, арнайы мамандардың айналысуы қажеттігіне де тоқталды. Сол жиында аудан әкімі Нұрым Мусин қарақұртпен күресте тек бір мезгілдік шара емес, жүйелі жұмыс талап етілетіндігін тілге тиек қылып, ауыл әкімдері мен сала мамандарына нақты тапсырмалар берілгендігін баян еткен. Алдағы уақытта залалсыздандыру шаралары да күшейтіліп, тұрғындармен түсіндіру жұмыстары да жандандырылатынын жеткізген-ді.
Иә, қауіпті зиянкеспен күрес қашанда күн тәртібінде тұруы тиіс десе болады. Сол мақсаттағы жұмыстың бірі –алдын алу шаралары. Бұл жұмыс бейсенбі күні Қамысқала ауылдық округінде көрініс берді. - Таң сәресінде Хамит Ерғалиев ауылындағы көпшілік жиналатын, соның ішінде балалар ойын алаңдарына Ұлттық сараптама орталығының Исатай аудандық филиалы қызметкерлерімен қарақұртқа қарсы агран препаратымен дезинсекция жұмыстары жасалынды. Оған дейін алдын ала жергілікті тұрғындарға сақтық шарасын алу туралы ескертіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді,-деді бізге ауылдық округ әкімі Рафиғат Тәжиденова.
Білгеніміздей, ауыл бойынша бес ойын алаңын қоса алғанда 6900 шаршы метр болатын адамдар шоғырланатын жерге арнайы дәрілік улау жүзеге асырылған. Не нәрсенің де алдын алған артық етпесі анық десек, қамысқалалықтардың қарақұрттан келер кеселден қорғану қамымен қолға алған бұл ісі құптарлық-ақ.
Осы сәтте ауыл шаруагерлерінен де қарақұрттан уланудың белгісімен түйе малдарының да бірен-сарандап ауру деректері кезігіп жатқаны туралы хабардар болып қалдық. Қазір аудандағы мал дәрігерлері байқалған ауру белгілеріне орай емдеу бағытында жұмыстар жүргізуде екен. Бұл жөнінде газетіміздің алдағы санында «Исатай аудандық ветеринариялық стансасы» ШЖҚ КМК мамандары нақты мәліметтер бермек.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР