Исатай аудандық полиция бөлімінде карантин енгізілгеннен бастап, яғни 2020 жылдың 16 наурыз - 11 мамыр күндері аралығында отбасы-тұрмыстық қатынастар саласына қатысты 14 құқықбұзушылық фактісі тіркелген.
Бұл туралы аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналды полиция аға инспекторы Айсұлу Телеубаева аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Жадыра Жандоловаға берген онлайн-сұхбатында баяндады.
Айсұлу Телеубаеваның айтуынша, аталған құқықбұзушылықтар бойынша ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 73-бабы (Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер) бойынша 10, ҚР ӘҚБтК-нің 73-2 бабы (ұрып-соғу) бойынша 4 тұлға жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ аға инспектор жыл басынан 11 жайсыз отбасы (2019-14) тіркелгенін, қазіргі таңда 24 жасөспірім есепте тұратынын, олардың ішінде 17 бала жайсыз отбасында тәрбиеленіп жатқандығын атады.
Сұхбат барысында Айсұлу Телеубаева әйелге көрсетілген зорлық-зомбылық фактілері жайында да жауап берді.
«Исатай ауданы көлемінде Отбасы тұрмыстық саласында жасалған қылмыс 2020 жылдың 4 айында тіркелген жоқ. Отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастар аясындағы құқық бұзған ӘҚБтК-ң 73 бабымен 40 азаматқа қатысты хаттама толтырылып, жауапкершілікке тартылды. Отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастар саласында құқықбұзушылық жасаған 29 тұлғаға «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңының 3 тарау, 20 бабына сәйкес қорғау нұсқамасы шығарылып, профилактикалық тексеріс жұмыстары жүргізілді. Тексеріс кезінде қорғау нұсқамасын талабын бұзған, 4 тұлға ӘҚБтК-нің 461 бабымен аудандық сотына жолданып шарасы алынды» деді ол.
2020 жылдың 4 айында Исатай ауданында отбасы-тұрмыстық қарым-қатынас саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, оның ішінде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жасауға бейімді адамдармен жеке профилактикалық жұмысты анықтау мақсатында Исатай аудандық полиция бөлімінің Учаскелік полиция инспекторлары мен ювеналды полиция инспекторларымен әртүрлі профилактикалық іс-шаралар өткізіліп тұратынын айтқан маман бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасын табатындығын жеткізді.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ