Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін Алғыс айту күні Исатай ауданында ерекше атап өтілді,-деп хабарлайды «Нарын таңы» газеті.
«Елім саған – мың алғыс!» атты салтанатты шара халықтың бірлігін, татулығын және ортақ тарихымызға деген құрметті дәріптейтін мерекенің маңыздылығын тағы бір мәрте айшықтады.
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл. Осы уақыт ішінде Ассамблея елдегі ұлттар достығын нығайтып, бейбітшілік пен ынтымақтастықтың сенімді тірегіне айналды. Бұл мереке – өткенге құрмет, бүгінге алғыс айту күні ғана емес, болашаққа деген сенімнің белгісі.
Салтанатты жиынның шымылдығы аудан әкімі Нұрым Мусиннің құттықтау сөзімен түрілді.
— Сізді көктемнің алғашқы күнімен қатар келетін Алғыс айту мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақта «Қарғыс алма, алғыс ал» деген дана сөз бар. Бүгінгі күн – бір-бірімізге ризашылығымызды білдіріп, ортақ мейірім мен қайырымдылықты дәріптейтін күн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, қарапайым еңбек адамдарына ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Сіздер күнделікті еңбектеріңізбен елдің дамуына үлес қосып келесіздер. Шынайы ризашылығымды білдіре отырып, дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін!-деді аудан әкімі.
Осы күннің басты кейіпкерлері – өз ісіне адалдықпен еңбек етіп жүрген азаматтар болды. Ауданның түрлі салаларында қызмет етіп, қоғамға пайдасын тигізіп жүрген бірқатар азаматтар марапатқа ие болды. Олардың қатарында әкімдік қызметкерлері, теміржолшылар, дәрігерлер, өрт сөндірушілер, пошта қызметкерлері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының мамандары мен өзге де сала өкілдері бар. Әрқайсысы ауданның өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген жандар.
Салтанатты шарада Исатай ауданының құрметті азаматы, Атырау облысының «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Зелимхан Зубариев жүрекжарды лебізін білдірді. Ол елдегі татулық пен ынтымақтың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанды туған жеріне айналдырған түрлі этностардың қазақ халқына деген алғысын жеткізді.
Аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Ерболат Насимуллин де құттықтау сөз сөйлеп, алғыс білдірудің – адамгершіліктің айқын көрінісі екенін атап өтті.
Салтанатты шара одан әрі концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Нұрдәулет Сағидоллиннің орындауындағы «Алғысым көп бәріңе» әні жүректерге жылы сезім сыйласа, Ш. Шәріпов атындағы балалар өнер мектебінің домбырашылар ансамблі күмбірлеткен күй мерекелік жиынның рухын асқақтатты.
Алғыс айту күні – тек бір күндік мереке емес, ол – қоғамдағы ізгілік пен мейірімділікті нығайтатын маңызды құндылық. Қазақ халқының қонақжайлығы мен кең пейілі, қиын-қыстау заманда бір-біріне қолдау көрсеткен халықтардың бірлігі осы күні ерекше сезіледі.
Бұл күн – әрбір азаматтың жүрегінде ризашылықтың лебін оятып, өзара сыйластықты тереңдете түсетін маңызды мереке.
Сағыныш ҚАЙЫР