Қарапайым қызметімен құрметке ие

0 votes

Еңбек адамы – ел мақтанышы. Қоғамның сан түрлі саласында еңбек етіп, сол бағытты алға жылжытуға үлес қосып жүрген жандар қашанда құрметке лайық. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде:

 «Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады» деген еді. 

Әр саланың өз қиындығы мен қызығы болады. Өз саласының шебері болу мамандыққа деген жауапкершіліктен бастау алады. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязында қолайсыз жағдайлардың бел ортасында жүретін еңбек адамының қызметі ерен. Дәл осындай еңбегімен ел алғысына бөленіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырғандардың бірі – Самат Базарғалиев.

1937 жылы қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген ол орта мектепті бітірген соң, Отан алдындағы борышын Краснаярск, Томск қаласында өтейді. Үш жыл әскер қатарында болып, 1962 жылы көлік жүргізуші мамандығын алады. Содан көлік тізгініне отырған ол «Путь коммунизм» кеңшарында ұзақ жыл еңбек етеді. Бұзылған көлікті лезде жөндеп жұмысқа қосу, май-суын уақытында ауыстыру бір қарағанда оңай көрінгенімен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Сол жұмысты тиянақты, аса жауапкершілікпен жасайды. «Жол азабын жолда жүрген біледі» демекші жолға шыққанда көлігің сайлы болуы қажет-ақ. Онымен қоса, қыстың ызғарлы суығымен, жаздың аптап ыстығында жүк көлігін айдау оңай шаруа емес. Қазіргідей теп-тегіс асфальт жолда жеңіл көлік емес ой-шұқыры көп жолда үлкен көліктер айдайды. Кейін денсаулығына байланысты кассир қызметіне ауысады. Өзіне артылған жұмысты тиянақты, жауаптылықпен атқарған оны басшылық қойма меңгерушісі кызметіне тағайындайды. Қандай қызмет атқарса да ұқыпты, қағаздарға мұқият жасап қана коймай бірсөзділігімен ұжымда беделді бола біледі. 1996 жылы Тайсойғандағы әскери сынақ алаңында жұмыс жасап, зейнеткерлікке шығады.

Алпыс жылдан астам уақыт жұбайы Жаңыл Базарғалиевамен бас қосып, он баланы өмірге әкеледі. Бүгінде балалары түрлі салада еңбек етуде. Алтын құрсақты Жаңыл анамыз үй шарауасында бала тәрбиесімен айналысады. Үнемі қонағы үзілмейтін отбасының дастарханы жаюлы, қазаны отта тұрады. Бұл отанасының конақжайлығын көрсетсе керек. Кейіпкеріміз өмірлік серігі екеуі ұлын ұяға, қызын қияға қондырған немере-жиендерінің сүйікті ата-әжесі.

– Ата-ана үшін қашанда балаларының тәрбиелі болып өскенінен артық бақыт жок болса керек. Балаларымызды жастайынан еңбекке баулыдық. Қандай қызмет жасаса да адал болуға тәрбиеледік. Қазір ұрпағымыз бақытты. Тәуелсіз елде алаңсыз күн кешуде. Біз ашаршылық заманды да бастан өткердік. Ол заманда да қатардан калмай еңбек еттік, -дейді кейіпкеріміз.

Расында, әрбір адам адал еңбегі арқылы Отанының дамуына үлес қоса алады. Өйткені мемлекетке қызмет ету үшін тек қана мемлекеттік қызметші болу шарт емес. Кез келген азамат өзінің қолынан келетін іспен айналысып, халыққа пайдасын тигізсе болғаны, оның бәрі де мемлекетке қосқан үлесі болмақ. Сондықтан да өз ісін сүйіп, адал еңбек етіп жүрген жандардың еңбегін бағалап, оларды сыйлау - қоғамның парызы.

Ендеше, Самат Базарғалиев та адал еңбегімен бала тәрбиелеп қана қоймай, ел дамуына өзіндік үлесін қосқан еңбек адамы. Олай болса, оның өнегесі өрісті.

 

Гүлмира ТІЛЕГЕНОВА

Қызылқоға ауданы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT