ҚАРҚЫНДЫ ҚҰРЫЛЫС – БАҚУАТТЫ ТҰРМЫС КЕПІЛІ

Бүгінгі ауыл – бұрынғы ауыл емес. Осындай пікірлерді жиі естиміз. Оның адамы да өзгерген, тірлігі де түрлене түсулі, ажары да бөлек дегенді екінің бірі айтады. «Заманына қарай амалы» демекші, оңға бастау алып жатқан ол өзгеріс атаулының бәрі құптарлық. Ауылдың ажарының да, базарының да көрінер бір тұсы ондағы уақыт талабына сай жүргізіліп жатқан құрылыстардан да көрінерін ескергендіктен аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегеновпен болған әңгімеміз осы төңіректе өрбіді.

- Шыны керек, ауыл ажары туралы айтқанда әңгіме аз болмасы анық. Өйткені оған қатысты жайт көп. Тіпті, көшенің қоқысы уақытылы алынбай қалып жатса да ауылдың ажарына барып тиеді. Салынып жатқан үлкенді-кішілі нысандар өз алдына ғой. Осы ретте сол құрылыстардың ауылдарымызда биыл аяқталатыны, жаңа жылда және қолға алынғандары туралы білсек деп едік. Алдымен, ауылдың бір керегіне саналатын бөбекжай-бақшалар жайын қозғасақ. Жалпы, кездесулерде де көтеріліп жүргендей, осы бақшамен қамту мәселесі қалай жүзеге асуда?

- Әуелі аяқталған құрылыстардан бастайық. Былтырғы жылы Аққыстау және Исатай орта мектептерінің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілгенінен ауылдастардың бәрі хабардар болса керек. Сондай-ақ, Аққыстау ауылының Өркен елді мекенінде фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы бітіп, тұрғындар игілігіне тапсырылды. Қамысқала ауылдық округінің Жасқайрат елді мекеніндегі медициналық пункттің құрылысы аяқталуда, биыл пайдалануға беріледі. Аудан орталығында салынып жатқан 250 орындық Өнер мектебі де биыл пайдалануға тапсырылмақ. Өнер саласындағы үйірмелердің жұмыс жасауына, музыкалық шығармашылық шараларын ұйымдастыруға қажетті дүниелермен жабдықталады. Аудандық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, осы жылғы 3-тоқсанға дейін аяқталуы күтілуде. Тұщықұдық ауылындағы әкімшілік ғимаратының тозығы жетуіне байланысты жаңа ғимарат құрылысы жүргізілуде, үстіміздегі жылы пайдалануға беріледі.  

«Ауыл – ел бесігі» жобасымен Нарын ауылынан 300 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталған болатын, бірақ қазір жобаға өзгеріс енгізіп жатыр. Аталған жобаларды биыл бітіру жоспарланған.

Әрине, ауыл үшін бақшалардың орны бір бөлек. Ауылдарда оған баратын бүлдіршіндеріміз де баршылық. Осы ретте күні бүгін Аққыстау ауылдық округіне қарасты Томан елді мекенінде 80 орындық бөбекжай-бақшаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл - биыл бітуі жоспарланған нысан. Сондай-ақ, Нарын ауылында 80 орындық бөбекжай-бақшаның құрылыс жұмыстары басталған болатын. Қазіргі уақытта жобалау құжаттарына түзету енгізілуде, сол аяқталысымен құрылыс жұмыста-ры жалғасады. Басқа да ауылдарда бақшаға сұраныстар бар, олардың орындалуы назарда болмақ.

 

- Ауданда спорттың бұқаралылығын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың бірі – денешынықтыру және спорт кешендерінің салынуы. Ауыл келбетінде кәдімгідей көрініс беретін бұл ғимараттардан соңғы уақыттары бой көтергені қанша еді, жаңа жылда қолға алынатындары бар ма?

- Х.Ерғалиев және Исатай ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысы нысандарында құрылыс жұмыстары аяқталып,  пайдалануға берілуде. Исатайдағы нысан жақында ғана ашылды.

Биыл Нарын, Зинеден ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады. Мердігерін анықтауға конкурс құжаттары дайындалуда.

 

- Бұрын қараңғылық басып тұратын ауылдарымыздағы жарықтандыруда жүргізіліп жатқан жұмыстар аз емесін көріп жүрміз. Самаладай жарқырайтын ауылдардың қатары осы жылы да көбейе ме?

- Иә, бұл соңғы жылдары ауылдарда қолға алынған игі жұмыстардың бірі. Соның нәтижесінде ауданымыздың Хамит Ерғалиев, Тұщықұдық, Аққыстау ауылдарына, Өркен елді мекеніне көше жарығы жүргізілді.

Ал биыл Зинеден ауылына көше жарығы және Қызыл үй елді мекеніне ВЛ-10 кВ электр желісі және көше жарығы құрылысы жүргізілетін болады. Қазіргі уақытта мердігерін анықтауға конкурстық құжаттары дайындалып жатыр. Жалпы, ауылдарды жарықтандыру – алға қарай да жалғасын таба беретін жұмыс.

 

- Бой көтерген жаңа үйлер, пайда болған жаңа көшелер әуелден ауыл ажарын ашар дүниелер болып келеді. Ал сол үйлердің көптеп салынуы баспанаға мұқтаж адамдар үшін де ауадай қажет. Биыл бұл төңіректе жасалынар жұмыстар қандай?

- Бұл істегі жағымды жаңалық – Аққыстау ауылынан «NCOC» компаниясының демеушілігімен 60 пәтерлік 1 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып жатқандығы. Қазіргі уақытта аталған тұрғын үйдің қалған жұмыстары және абаттандыру, инженерлік инфрақұрылым құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары аяқталысымен бұл бас-пана тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілетін болады.

Сондай-ақ, өткен жылы аудан халқының әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 6 пәтер сатып алынған болатын. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады.

 

- Жалпы, ауылдарда қолға алынып жатқан қай құрылыс та сол ауыл тірлігі, ауыл халқы үшін ғой.

- Ол солай. Мәселен, Х.Ерғалиев ауылында ауыл ажарын ашар бір құрылыс басталып жүріп жатыр. Ол - тұрғындардың серуендеуіне, рухани демалысына арналған «Демалыс саябағы», биыл 1-жартыжылдықта аяқталады. Ауыл тұрғындары үшін дегеннен шығады, биылғы жылы ауданда жаңадан инвестициялық жобалар шеңберінде 1 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда: Ол - сұйылтылған азот пен оттегін өндіретін зауыт құрылысын салу («КриоНафта»ЖШС). Жобаның құны - шамамен 22,3 млрд.теңге. Оған Қамысқала ауылдық округінен 5 га жер берілді. Жобаның қуаты - жылына 480 мың тонна сұйылтылған азот пен оттегін өндіреді. Зауытта 30 адам жұмыспен қамтылады, іске қосылу уақыты – 2025-2026 жылдары. Ауылдарда бұлардан басқа, жазғы су, газ, электр желілерін жүргізу, жаңғырту мақсатында қолға алынған жұмыстар баршылық. 

 

Сұхбаттасқан

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT