Қаржы саласының қызметкерлері құрметке бөленді

Суреттер автордікі

 

Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде тарихындағы ең маңызды қадамдардың бірін 1993 жылы жасап, төл валютасы – теңгені айналымға енгізді. Ұлттық валюта – елдің саяси тәуелсіздігі мен экономикалық дербестігінің айқын нышаны. Сондықтан бұл күн қаржы саласының қызметкерлері үшін ерекше мәнге ие. Өйткені теңгенің тұрақтылығы, қаржы жүйесінің дамуы, бюджетті тиімді жоспарлау – осы сала мамандарының күнделікті тынымсыз еңбегінің нәтижесі.

 

 

Экономика дамыса – елдің еңсесі көтеріледі, ал ұлттық валюта нығайса – халықтың тұрмысы тұрақтайды. Осы мереке қарсаңында ауданымызда салтанатты шара өтіп, қаржы саласының мамандары құрметке ие болды. Шара барысында аудан әкімі Нұрым Мусин құттықтау сөз сөйлеп, сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен құттықтады.

 

 

– Ұлттық валюта – мемлекетіміздің дербестігін айқындаған тарихи шешім. Ал қаржы саласының қызметкерлері – еліміздің экономикалық тұрақтылығының негізгі тірегі. Сіздер жоспарлау, есеп жүргізу, қазына қаражатын тиімді басқару арқылы ауданның дамуына тікелей үлес қосып келесіздер. Еңбектеріңіз бағалы. Жауапкершілігі мол қызметтеріңіз үшін алғыс білдіремін, – деді аудан әкімі.

 

 

Марапат алғандардың қатарында аудандық экономика және қаржы бөлімі мен қазынашылық басқармасының мамандары, ауылдық округтер мен мәдениет үйлерінің есепшілері, білім беру ұйымдарының қаржы қызметкерлері, Мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары, банк саласының өкілдері, әлеуметтік мекемелердің есепшілері және ұлттық валюта тарихын насихаттап жүрген коллекционер азамат бар.

 

 

Бұл марапаттар – ауданның қаржы жүйесін тұрақты ұстап, бюджетті тиімді жоспарлау мен қаржы тәртібін сақтау бағытында адал еңбек етіп жүрген мамандарға көрсетілген құрмет. Олардың әрқайсысы – ауданның әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге үлес қосып жүрген жауапты тұлғалар.

 

 

Мерекелік шараның сәнін аудандық «Жалын» мәдениет үйінің өнерпаздары кіргізіп, әсем ән мен көркем өнерден тарту жасады. Белгілі композитор, Қазақстанның Еңбек Ері Ілия Жақановтың «Ағады Жайық» әнін облыстық әжелер фестивалінің лауреаты – аққыстаулық «Дәстүр үні» әжелер ансамблі орындап, тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді.

 

 

К.ҚҰРМАНҒАЗИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT