«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Гүлзада Шалағұлова Исатай ауданының кәсіпкерлерімен, шаруагерлерімен, сондай-ақ, жекелеген тұрғындармен кездесу өткізді.
Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залындағы бұл басқосуда ол агрофермерлерді қаржыландыру шарттарымен таныстырды. Жиналғандармен белгілі бір мәселелерде сұрақ-жауап алмасқан филиал директоры әр сауалды жауапсыз қалдырмауға тырысты.
-Қазір несие алуға келгенде адамдар түрлі мәселелерін де айтады. Мәселен, Нарын ауылдық округінен келген шаруагерлер су мәселесін көтерді. Сол сияқты, Тұщықұдық ауылдық округінің шаруагерлері де жерлерінің мал санына шаққанда тапшылығы туралы өздерін толғандырған жайттарды қозғады. Жел мәселесі жөнінде қажетті кеңестерді бердік. Қандай мүмкіндіктер барын түсіндіріп айттық,- дейді Гүлзада Шалағұлова.
Білгеніміздей, бүгінде аталған корпорация екі бағытта несие беріп отыр. Олар - «Іскер» және «Агро бизнес» бағдарламалары бойынша. Соның ішінде «Іскер» бағдарламасы арқылы қазіргі таңда 6 пайыздық үстемемен 6 миллион теңгеге дейін беріледі. Бұл бағдарлама ауылдағы кәсіпті дамытуға арналған. Ал, «Арго бизнес» бағдарламасының негізгі мақсаты - ауыл шаруашылығына қажетті техникалар мен құрал-жабдықтар алуға қолдау.