Кәсіпкері бейхабар, мамандары беймарал. Індетті бұлай жеңе аламыз ба?

Індетпен күресудің бірден-бір жолы талап пен тәртіпке бағыну екендігін айтудай-ақ айтып, жазудай-ақ жазып келеміз.

Бірінен соң бірі өзгерген қаулылар, қатаңдатылған карантиндік шектеулер, талаптар мен тыйымдардың көздейтіні осы аты жаман аурудың жолын кесу екені белгілі. Оны ұғынып, сақтық шараларына мойынсұнып жүргендер де, заңды да, өзін де алдап, көзді ала бере өз қалауын іске асырып жатқандар да бар.

Х.Ерғалиев, Тұщықұдық ауылдарында кезекті рейдтік шаралары кезінде аудандық мобильдік топ Атырау облысының Бас санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 4 шілдедегі №52 Қаулысына енгізілген өзгерістер бойынша түсінік берді.

Соңғы қаулыға енгізілген толықтыруларға сәйкес азық-түлік емес дүкендер жұмысын жеткізіп беру қызметі түрі арқылы атқара алады.

Бұл қағида қаулы жарияланса да, кейбір кәсіпкерлер ол туралы естімегендіктерін айтады.

Мәселен, Тұщықұдық ауылындағы «Нұррахман» құрылыс дүкенінің жұмыс жасап жатқанын көрдік. Топ мүшелері жүргізген түсінік жұмысы барысында аталған дүкен қызметшісінің соңғы қаулыдан хабарсыз екендігі белгілі болды. Айтуынша, оларға ескерткен де жан болмаған.

1

Осы тұста айта кетер жайт, ауылдық округтерде жағдайды үнемі бақылауда ұстап, уақытында түсінік жұмыстарын жүргізіп отыратын мониторингтік топтар құрылған болатын. Ал, Тұщықұдық ауылында кәсіп иелері тұрмақ, мобильдік топқа қосылған ауылдық округ әкімдігінің маманы да өзгеріс енгізілген соңғы қаулының қашан шыққанынан, ондағы қатаңдатылған шектеу шараларынан мүлдем бейхабар болып шықты. Осылайша, аудандық мобильдік топ күшейтілген шектеу шараларындағы толықтыруларды кәсіпкерлер мен қарапайым халыққа ғана емес, жергілікті билік өкіліне де түсіндіре кетті.

Азық-түлік емес кәсіпкерлік нысандардың қызметі тек жеткізіп беру әдісімен жұмыс жасайтындығы ескертілді. Ал, азық-түлік дүкендерінің санитарлық талаптарды өз деңгейінде сақтап отырғандығын көрдік. Аталған ауылдарда орналасқан көліктерге қызмет көрсету орталықтары жұмысын тоқтатқан. Ал, қоғамдық тамақтану орындары жеткізіп беру қызметімен жұмыс жасауда.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521