Қастерлі күн – Қыран елдің рухын көтерген мереке

 

Бүгін – еліміздің тарихындағы ең қастерлі күндердің бірі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзімен айтқанда, 25 қазан – халқымыздың дербес ел болуына жол ашқан, мемлекеттіліктің қайта жаңғырған күні. Бұл күн – елдік сананың оянған, ұлттық рухтың биіктеген, тәуелсіздікке бастар жолдың айқындалған сәті.

Осыдан 35 жыл бұрын, 1990 жылы қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация – Қазақстанның Тәуелсіздік тарихындағы алғашқы заңдық әрі саяси іргетас. Бұл құжат елдің болашақ тағдырын айқындап, қазақ халқының өз мемлекетін құруға деген ерік-жігерін көрсетті.

Сол күннен бастап қазақ елі егемендіктің мәнін терең ұғып, өз жолын таңдауға бет бұрды. Бұл – тарихи әділдіктің орнауы, азаттықтың алғашқы қадамы еді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей:

«Тәуелсіздік – бәрінен қымбат құндылығымыз. Оны сақтап, нығайта түсу – баршамызға ортақ қасиетті борыш».

Бұл сөз – әрбір қазақстандықтың жүрегінде жаңғырып тұратын ұлы ұстаным. Егемендік бізге ата-бабамыздың жанқиярлық ерлігі мен ұлт мүддесі жолындағы табанды күресінің арқасында келді. Сондықтан оны бағалау, қорғау, дамыту – әр ұрпақтың қасиетті міндеті.

Бүгінде Қазақстан өз даму жолында талай белесті бағындырды.

Ел бірлігі мен тұрақтылығының арқасында экономикасы өркендеп, халықаралық беделі артты.

Тәуелсіздік жылдары бой көтерген жаңа қалалар, еңселі ғимараттар, жаңарған ауыл-аймақтар – егеменді елдің нақты жетістігі.

Республика күні – бұл жай ғана тарихи дата емес, ол – ел болмысын айқындайтын, азаматтық жауапкершілікті арттыратын рухани мереке.

Бұл күн – өткенге тағзым, бүгінге мақтаныш, ертеңге сенім.

Ол – ұлт жүрегіндегі еркіндік отын маздатып, елдік рухты биіктететін ерекше мейрам.

Біз бүгінгі ұрпақ ретінде ата-баба аманатына адал болып, Тәуелсіздіктің тұғырын бекемдеуіміз керек.

Өйткені егемен елдің ең үлкен байлығы – бірлік пен рух биіктігі.

Қыран елім – Қазақстан!

Республика күні барша отандастарға қуаныш, рух, мақтаныш сыйласын!

Тәуелсіздік туы мәңгі биікте желбірей берсін!

 

 

Нұрғабыл ЖОЛАМАНҰЛЫ,

дәнекерлеуші

Тұщықұдық ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT