Мемлекеттік рәміздер – кез келген елдің егемендігін айқындайтын басты белгілердің бірі. Қазақстан үшін бұл – Ту, Елтаңба және Әнұран. Әрбір рәміздің астарында ұлттың тарихы, тағдыры, арманы мен болашағы жатыр. Сондықтан да мемлекеттік рәміздерге құрмет – бұл жай ғана рәсім немесе формальдылық емес, бұл – елге, ұлтқа, тарихқа және болашаққа деген терең сүйіспеншілік пен жауапкершілікті білдіретін азаматтық ұстаным. Қазақстанда 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні ретінде аталып өтеді. Бұл күн – елдік пен егемендікті қадірлеудің, тарихи жадымызды жаңғыртудың, ұрпаққа ұлағатты өнеге қалдырудың ерекше сәті.
Осы құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру және мемлекеттік мекемелерде рәміздердің талапқа сай қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында еліміз бойынша тұрақты бақылау мен зерделеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл ретте ауданда атқарылып жатқан іс-шаралар айрықша назар аударуға тұрарлық. Аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі ай сайын мемлекеттік рәміздердің қолданылу жағдайына жүйелі түрде бақылау жасап, арнайы зерделеу жұмыстарын ұйымдастырады.
Аудан мекемелерінде мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұранның заңнамаға сәйкес орналастырылып, қолданылуын қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік рәміздерге деген құрмет мәдениетін қалыптастырудың тиімді жолы. Бұл бағыттағы жұмыстар жалпыреспубликалық және облыстық ауқымдағы бақылау іс-шараларымен ұштасып отыр.
Мәселен, 2024 жылдың қазан айында Атырау облыстық ішкі саясат басқармасының жауапты қызметкерлерінен құралған инспекциялық топ Исатай ауданына іссапармен келіп, 30-ға жуық мемлекеттік мекемеде рәміздердің заңнамаға және техникалық стандарттарға сәйкестігін тексерді. Тексеру нәтижесінде мекемелердің басым көпшілігінде Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран талапқа сай қолданылып жатқаны анықталды. Дегенмен кейбір мекемелерде техникалық сипаттағы кемшіліктер тіркеліп, нақты ұсынымдар беріліп, оларды жою бағытында шаралар қабылданды. Мемлекеттік рәміздерді құрметпен қолдану – тек бір реттік науқан емес, бұл үздіксіз, жүйелі түрде жүргізілуі тиіс жұмыс. Бұл ұстаным ауданда нақты жүзеге асырылып келеді.
2025 жылдың сәуір айында аудан аумағындағы 40-қа жуық мемлекеттік мекемеде мемлекеттік рәміздердің қолданылу жай-күйіне кезекті зерделеу жүргізілді. Бұл жолы тек рәміздердің орналасу тәртібі ғана емес, бұған дейін берілген ұсынымдардың орындалуы, мекемелердің материалдық-техникалық базасының жаңартылуы, рәміздерге деген жалпы жауапкершілік деңгейі де жан-жақты қаралды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесі қуантады. Бірқатар мекемелерде жаңа стандарттарға сай мемлекеттік Ту мен Елтаңбалар орнатылып, олардың эстетикалық және техникалық сапасына ерекше мән берілгені байқалды. Бұл – мемлекеттік рәміздерге деген құрметтің жаңа сапалық деңгейге көтерілгенінің айқын көрінісі. Аудандандағы мемлекеттік рәміздерге қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстар тексерумен ғана шектелмейді. Бұл бағыттағы қызмет түсіндіру, әдістемелік қолдау көрсету, насихаттау шараларымен қатар жүреді. Әсіресе, жас буынның бойында рәміздерге деген құрметті ояту мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, мектептер мен балабақшаларда патриоттық тәрбиеге ерекше мән берілуде.
Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – бұл әкімшілік міндет қана емес, бұл – жүректен шығатын ұлттық сана мен елдік рухтың көрінісі. Ал рәміздерді талапқа сай қолдану – сол рухты сақтау мен нығайтудың нақты қадамы. Мемлекеттік рәміздер күні бұл күн тек күнтізбедегі белгі емес. Бұл Ту тігілгенде, Әнұран шырқалғанда жүрегі дүрсіл қаққан әрбір қазақстандықтың елге, жерге деген шексіз құрметінің, мақтаныш сезімінің күнi. Ауданда аталмыш күнге орай ұйымдастырылатын іс-шаралар мен жүйелі жұмыстар – ұлттық бірегейлікті терең сезіну мен сақтаудың нақты үлгісі.
Алдағы уақытта да дәл осы бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, мемлекеттік рәміздерге деген құрмет пен жауапкершілік Исатай жерінде одан әрі нығая беретініне сенім мол. Өйткені елдігіміздің нышаны – рәміздерге көрсетілген құрмет – болашаққа көрсетілген жол.
Венера МУХИТОВА,
аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы