Тұщықұдық ауылдық округінің маңындағы дала белдеуі мамырдың 23-і күні әдеттегі тыныштығын бұзды. Бірақ бұл жолы алаңдауға негіз болмады – мұнда «Өрт-2025» атты республикалық команда-лық-штабтық оқу-жаттығу ұйымдастырылды. Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – дала өртін сөндіруге қатысты азаматтық қорғау қызметтерінің бірлескен әрекетін пысықтау, күш-құралдардың нақты әрі үйлесімді іс-қимылын тексеру еді.
Екі күнге созылған шараға аудан әкімдігі, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі және ауыл әкімдігі ұйытқы болды. Жаттығу барысын аудан әкімі Нұрым Мусин тікелей қадағалап, арнайы техникалар мен қызметтік құрылымдардың сапқа тұруына куә болды. Ауылдық округ әкімі Арслан Амиров пен аудандық ТЖБ бастығы Ахат Ахбалиев және №6 өрт сөндіру бөлімінің басшысы Райымбек Сағындықовпен бірге әкім оқу-жаттығуға тартылған құрылымдардың дайындығына баға берді.
– Табиғи өрт – алдын ала болжап болмайтын, алайда салдары өте ауыр болатын құбылыс. Мұндай жаттығулар – нақты төтенше жағдай туындағанда уақыт ұттырмай әрекет етуге мүмкіндік береді. Біз мұнда адам ресурсы мен техниканың қаншалықты дайын екенін көріп отырмыз. Әр құрылым өз міндетін түсініп, нақты жоспармен әрекет етіп жатыр. Бұл – өңір қауіпсіздігінің кепілі,- деді аудан әкімі.
«Өрт–2025» жаттығуына азаматтық қорғау саласының 10 түрлі қызметі жұмылдырылды. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі өрт сөндіру іс-қимылына тікелей жетекшілік етсе, қоғамдық тәртіпті сақтау міндетін полиция бөлімі өз мойнына алды. Медициналық көмекті аудандық аурухана мамандары қамтамасыз етсе, сауда, жануарлар мен өсімдіктерді қорғау бағытында аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі әрекет етті. Жол, көпір, жанар-жағармай, инженерлік қамтамасыз ету қызметі аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және жолаушылар көлігі бөлімінің бақылауында болса, энергиямен жабдықтау жұмыстарына «Атырау Жарық» АҚ Исатай аудандық бөлімшесі жұмылдырылды. Газбен қамтуда «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ, техникалық қолдауда «Жайықмұнайгаз» МГӨБ, радиациялық қорғанысты санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы қамтамасыз етті. Ал тұрғындарға ақпарат жеткізу мен байланыс қызметін ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі үйлестірді.
Аудан әкімінің 2025 жылғы 15 қаңтардағы №3 шешімімен құрылған шұғыл ден қою қызметі 108 адам мен 35 арнайы техникамен жабдықталды. Сонымен қатар өрт кезінде зардап шеккен тұрғындарды көшіру мақсатында 2025 жылдың 24 қаңтарында аудан әкімінің №16 өкімімен 19 эвакуациялық қабылдау пункті құрылды. Жаттығу күні сағат 10:00-де азаматтық қорғау қызметтері сапқа тұрды. Барлығы 113 маман мен 35 техника өртке қарсы іс-қимылға қатыстырылды. Мамандар тарапынан көрсетілген бірлескен жедел әрекет нәтижесінде облыс аумағында туындайтын дала өрттері кезінде барлық қажетті күш пен құралдардың сақадай сай екендігі дәлелденді. Оқу-жаттығу барысында аудан әкімі Нұрым Бекежанұлы барлық қызмет түрлері бойынша техникалық жабдықтардың жағдайына ерекше назар аударды. Ол әр сала жетекшісіне нақты хаттама толтырып, қолда бар техника мен құрал-жабдықтарды түгендеуді тапсырды.
– Жауапты құрылымдар тек қағаз жүзінде емес, нақты іс жүзінде де дайын болуы керек. Кейбір қызметтерде техниканың ескіруі немесе жетіспеуі байқалды. Бұл – бірден түзетуді қажет ететін мәселе. Барлық кемшіліктерді хаттамаға енгізіп, қысқа мерзім ішінде толықтыру керек,- деді аудан басшысы.
Төтенше жағдайлар қызметінің бұл бастамасын ауыл тұрғындары оң бағалады.
– Осындай дайындық шараларының өтіп жатқаны – жақсы нышан. Соңғы жылдары дала өрті жиілеп кетті. Бұрын мұндай жаттығулар туралы ести бермейтін едік. Енді әр қызметтің дайын болуы көңілге сенім ұялатады. Қауіп айтып келмейді, сондықтан дайын отырған дұрыс,- дейді Тұщықұдық ауылының тұрғыны Ерасыл Таубайұлы.
Мұндай жаттығулар — тосын апат алдында тосылып қалмаудың бірден-бір жолы. Аудандағы бұл шара аймақтағы төтенше жағдайлар жүйесінің техникалық және адами әлеуетінің жоғары деңгейде екенін көрсетіп қана қоймай, азаматтық қорғаныс құрылымдарының өзара үйлесімді әрекетке әзір екенін де дәлелдеді.
Жайна ИСЛАТ