Қауіпке қарсы тұрған қаһармандар

 

Қазанның 19-ында азаматтық қорғау органдарына 30 жыл толады. Тарихқа көз жүгіртсек, 1995 жылы Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті – елдің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілеттік берілген орталық атқарушы орган ретінде құрылды. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитетінің құрылған күні азаматтық қорғау жүйесінің кәсіби мерекесі – Құтқарушылар күні.

1995 жылдан бастап азаматтық қорғау жүйесі айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Орталық атқарушы органдардың құрылымын жетілдіру шеңберінде МКЖС комитет, агенттік, министрлік болып қайта құрылды, ІІМ жүйесінде болды, одан әрі 2020 жылы министрлік қайта құрылды. Барлық кезеңде төтенше жағдайларды жою қызметі кәсіби түрде дамып, құтқару бөлімшелерімен толықтырылып келді. 

Деректерге қарап отырсақ, ТЖ қызметтерімен жұмыс істеген жылдары өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың қызметі, кәсібилігі, жеделдігі арқасында сан мыңдаған адамдар қауіптің құшағынан құтқарылған, ТЖ түрлі аймақтарынан эвакуацияланған, зардап шеккендерге медициналық көмектер көрсетілген. 

Еліміздің өртке қарсы күрес және құтқару қызметтерінің мамандары төтенше жағдайлар кезінде өз өмірлерін қатерге тігіп, азаматтарды құтқару жолында қызметтік міндеттерін атқару барысында өлім құшып жатуы да құтқарушылар қызметінің қаншалықты қиын да жауапты екендігін ескертіп-ақ тұрғандай. Кейбір деректерде осы 30 жыл ішінде 73 қызметкері қайтыс болғандығы айтылады. 

Ауданның Төтенше жағдайлар бөліміне қарасты №6 Өрт сөндіру бөлімі қазіргі таңда аудан тұрғындарын қауіп-қатерден құтқарып, адам өмірінің қауіпсіздігін сақтау жұмыстарын атқарып келеді. Бөлім 1968 жылы теміржол стансасының гаражы ретінде салынған ғимаратты қоныс етіп, кейін 1982 жылы кәсіби өрт сөндіру бөлімі болып құрылды. Қазіргі уақытқа дейін дербес құрылымдық бірлік ретінде аудан аумағында өрт қауіпсіздігі жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда. Сол уақытта бір өрт сөндіру автокөлігі болған.

-Бастапқыда құрамында 15 адам болып, 1993-1998 жылдары штат саны 25 адамға, 1998-2000 жылдары 30 адамға дейін өскен. Қазіргі таңда төтенше жағдайлар бөлімінде 4 адам, өрт сөндіру бөлімінде 30 адам қызмет етуде. Өрт сөндіру қызметі 1997 жылға дейін ҚР ІІМ жүйесінде болды, 1997-2014 жылдар аралығында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі құрылып, 2014 жылы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті болып,  қайтадан 2020 жылы ҚР ТЖМ құрылды. Исатай ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі №6 ӨСБ жеке құрамында 2 негізгі өрт сөндіру, 2 көмекші автокөлігі бар. Қазіргі ғимараты аудандық сәулет және құрылыс бөлімінің шешімімен 2010 жылы апатты ғимарат деп танылған. Бөлімде 4 бірлік техника жұмыс жасап тұр,-дейді аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы азаматтық қорғау полковнигі Ахат Ахбалин.

Білгеніміздей, төтенше жағдайлар саласы үлкен жауапкершілік пен сақтықты талап етеді. Құтқарушылар кез келген тосын жағдайдың алдын алып, зардабын жоюға күш жұмсайды. Қауіпке тап болған адамдарды құтқарып, өмірін арашалап қалады. Сондықтан да құтқарушылар қажетті құрал-жабдықтармен толық жабдықталуы аса маңызды. Бүгінде құтқарушылар төтенше жағдайларды жою жұмыстарына қатысуға сақадай сай болуы үшін арнайы, медициналық, психологиялық әзірлігін, авариялық-құтқару құрылымдарының құрамындағы қызмет дағдыларын үнемі жетілдіріп отырады. Құтқарушылардың жұмысы өз өміріне қауіпті болып келгенімен, елдің тұтастығы мен қауіпсіздігі үшін аса маңызды. Бұл салада қызмет етуді кез келген адам аяқ астынан таңдамайды. Шынайы отансүйгіш әрі ерік-жігері мықты адам ғана оны мамандығы ретінде таңдап, өмірін осы бір жанкешті жұмыспен байланыстырады.

Иә, құтқарушы – қиын да қауіпті қызмет адамы. Оның әр сәті, әр күні жауапкершілікке, сақтыққа, қырағылыққа негізделген десе де болады. Құтқарушы күні, міне, осындай жандардың төл мерекесі. Ендеше, мерекелеріңіз құтты болғай, құтқарушылар!

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT