Аудандық Отбасын қолдау орталығы 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өткен «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» республикалық науқаны шеңберінде бірқатар жүйелі іс-шаралар ұйымдастырды. Негізгі мақсат – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қоғамда оған мүлде төзбеушілік көзқарас қалыптастыру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және отбасылық құндылықтарды нығайту.
Науқан барысында аудан көлемінде халықпен тікелей жұмыс жүргізіліп, тұрғындарға өз құқықтарын қорғау тетіктері мен қауіпті жағдайлардың алдын алу жолдары кеңінен түсіндірілді. Отбасын қолдау орталығының мамандары отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторы Д.Төлегеновамен бірлесіп, Аққыстау ауылындағы Абай атындағы орта мектепте, сондай-ақ Х.Ерғалиев ауылындағы Ғ.Мәсәлімов атындағы және Новобогат орта мектептерінде мұғалімдер мен оқушыларға арналған ақпараттық кездесулер өткізді.
Кездесулерде зорлық-зомбылықтың түрлері, оның салдары мен алдын алу жолдары жан-жақты қамтылды. Сонымен қатар аудан тұрғындарына арнайы жадынамалар мен визит карталары таратылып, қажетті байланыс нөмірлері ұсынылды. Бұл жұмыстар азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға және алдын алу шараларын күшейтуге бағытталды.Орталықтың бастамасымен Тұщықұдық және Х.Ерғалиев ауылдарында «Ашық есік күндері» өткізіліп, тұрғындарға тегін кеңестер беріліп, жеке қабылдаулар ұйымдастырылды.
Аталған шаралар ауыл тұрғындарының өз мәселелерін ашық айтып, кәсіби көмек алуына мүмкіндік берді. Сондай-ақ ауданда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторы, полиция капитаны Д.Төлегенованың қатысуымен әлеуметтік эксперимент өткізілді. «Әрбір құшақтау – мейірімділік пен жылулықтың белгісі» ұстанымына негізделген бұл бастама қоғамда зорлық-зомбылыққа қарсы көзқарасты нығайтудың символына айналды.
Науқан аясында Отбасын қолдау орталығының ұйымдастыруымен «дөңгелек үстелдер» өтіп, оған аудандық емхананың психологі Г.Ғарифолла, отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторы Д.Төлегенова және ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы В.Мұхитова қатысты. Кездесулерде гендерлік теңдік, отбасының қоғамдағы рөлі және құқықтық мәдениет мәселелері талқыланды.
Аққыстау ауылдық округінің ұйымдастыруымен өткен «дөңгелек үстелде» де осы бағыттағы өзекті тақырыптар көтерілді. Сонымен бірге аудан тұрғындарымен жүргізілген сұхбаттар арқылы отбасындағы қарым-қатынас пен зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері бойынша қоғамдық пікір жинақталды. Бұл материалдар жергілікті қоғамның шынайы көзқарасын айқындайтын маңызды әлеуметтік үн болды. Зорлық-зомбылық – бір отбасының ғана емес, тұтас қоғамның мәселесі. Сондықтан қауіпсіз әрі бейбіт орта қалыптастыру – баршамызға ортақ жауапкершілік.
Данабек БАПАНОВ,
аудандық Отбасын қолдау орталығының бұқаралық ақпарат құралдарымен және жұртшылықпен жұмыс жөніндегі маманы


