Қазақ әдебиетінің жүз жауһарын бірге таңдайық!

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Ұлттық құрылтай жиынында: «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деген болатын. Енді, міне, бүгінде бұл сөз нақты іс-шараларға ұласуда. Соның бір дәлелі – «Ауыл кітапханаларына – 100 кітап» акциясы аясында мемлекет тарапынан бөлінген кітаптардың Нарын ауылдық  кітапханасына табысталып, бүгінде оқырмандардың игілігіне жарап жатқаны.

Сонымен қатар биылғы жылдан бастап мерекелік сипат алып жатқан Ұлттық кітап күні ұлттық сананы жаңғыртуға, әдебиетке деген құрметті арттыруға бағытталған ауқымды жобалармен басталып отыр.Сондай-ақ қазіргі таңда Қазақстан тарихында тұңғыш рет өтіп жатқан, отандық жазушылардың ең үздік туындыларын көпшіліктің таңдауымен анықтауды көздейтін «100 кітап» жалпыұлттық сауалнама жобасы бастау алды. Бұл – қазақ әдебиетінің алтын қорын халықтың таңдауы арқылы қайта жаңғыртуға бағытталған, ұлттың өзін тануға, өткенін саралап, болашағын бағамдауға жасалған игі қадам. Осы мақсатпен қолға алынған бұл сауалнама – халықтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, әдеби мұрамызды қайта жаңғыртудың жарқын үлгісі.Ұсынылып отырған жүз кітап – бағыт-бағдар беретін, төл әдебиетіміздің жауһар туындылары. Жоба кітапхана мен кітапханашы үшін де үлкен көмек. Бізге «Қай жаста қандай кітап оқу керек?» деген сұрақпен жиі жүгінеді. Ел болып таңдалған әдебиеттің ішінен әрбір оқырман өзіне қажеттісін табатыны анық. «100 кітап» жобасы отбасылық оқуға да әсер етеді. Бұл бастама – оқырманға да, кітапханашыға да, авторға да, баспаға да пайдалы. Яғни қай жағынан алсақ та, өте оңды әрі сәтті жоба деп айтуға толық негіз бар. Ендеше, осы жобаға бейжай қарамай, қоғам болып жұмылайық. 

 

 

Бұл бастама қоғамда қызу талқыланып, әр оқырман өз таңдауын ұсынып, әдеби кеңістіктегі алуан үндердің үндесуін қамтамасыз етіп отыр.Жалпыұлттық сауалнамаға еліміздің кез келген азаматы eGov порталы арқылы қатыса алады. Ол үшін арнайы анкета дайындалған: eGov Mobile қосымшасына тіркеліп, өзінің он таңдаулы кітабын ұсынуға болады. Бұл – тек жеке талғаммен дауыс беру ғана емес, ұлттың әдеби көзқарасын, рухани сұранысын білдіру деген сөз.Кітаптар әртүрлі жанрда болуы мүмкін: тарихи шығармалар, көркем әдебиет, балалар әдебиеті, фантастика, детектив және басқа да жанрлар. Жүргізілген сауалнама нәтижесі тамыз айында, Абай күні қарсаңында жарияланатын болады. Әрбір отбасы өз кітап сөресінде тұратын шығармаларды анықтап, сол авторлардың туындыларын әдеби талқыға салып, қосымша баспа жұмыстарына серпін берсе – сауалнаманың ең оң нәтижесі осы болмақ. Бұл жоба оқырмандарға нақты ұсыныс беріп, әдеби талғамын қалыптастыруға көмектеседі. Әсіресе жас буын үшін классикалық, заманауи, ұлттық және әлемдік әдебиетті таныстыруға жол ашады. Кітапханашы маман ретінде мен бұл жобаны толық қолдаймын және оны оқырмандарға кеңінен насихаттауға әрқашан дайынмын. Оқырманмен жұмыс істейтін кітапханашы ретінде «100 кітап» жобасы біз үшін маңызды бастама. Ол оқырманға дұрыс бағыт беріп, қызығушылығын арттырады.

Бүгінде аудан кітапханаларында бұл жоба аясында мынадай жұмыстар жүргізілуде: ақпараттық посттар тарату, әлеуметтік желілермен жұмыс, сауалнамаға қолжетімділік жасау, қоғамдық және зиялы қауым өкілдерімен жұмыс, бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс орнату. Мәселен, сауалнама QR-коды генерацияланып, кітапхананың кіреберісіне, тіркеу бөліміне, оқырман залына орналастырылып, келген оқырмандарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде бірнеше оқырман тіркеліп, өз ұсыныстарын білдірді. Сонымен қатар М.Бектенов, Ұ.Ізілеуова, А.Салых сынды қоғам белсенділерімен сыр-сұхбат, кездесулер өтті. Сауалнама аясындағы кейбір жұмыстар әлеуметтік желілер арқылы жариялануда.Құрметті аудан тұрғындары! Сіз де «100 кітап» сауалнамасына қатысып, сүйікті кітабыңызға дауыс беріңіз! Бұл – сіздің әдебиет тарихындағы өз қолтаңбаңызды қалдыру мүмкіндігіңіз. Ендеше, қазақ әдебиетіндегі таңдаулы 100 кітапты бірге таңдайық!    

 

Маусым ТУЛЕУИШОВА, 
аудандық орталық кітапхананың библиографы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT