Қазақ халқында жақсы келін – тек бір отбасының ғана емес, тұтас әулеттің көркі, ұрпақ тәрбиесінің алтын діңгегі. Осы ұғымды насихаттау мақсатында аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Қамысқала ауылдық мәдениет үйінде «Келіні жақсының – керегесі алтын» атты аудандық келіндер сайысы өтті.
Жарысқа ауданның әр ауылынан жиналған жеті келін қатысты. Олар тек қана өздерінің инабаттылығы мен өнерін паш етіп қоймай, қазақтың бай салт-дәстүрін дәріптеуге атсалысты. Сайыс барысында келіндер ұлттық құндылықтар мен отбасылық тәрбие туралы өз көзқарастарын ортаға салып, шеберліктерін көрсетті. Сайыс төрт кезеңнен тұрды. Алғашқы «Сәлем – сөздің анасы» атты кезеңде қатысушылар өзін таныстырып, әрқайсысы отбасы, өмірлік ұстанымы, асыл арманы туралы баяндады. Ал «Өнерлі өрге жүзер» кезеңінде келіндер бойларындағы ерекше таланттарын ортаға салды. Бірі әсем әнімен жүрек тебірентсе, бірі мың бұрала билеп, сахна сәнін аша түсті. «Халқын сүйген – салтын сүйер» кезеңі, әсіресе ұлттық дәстүрді дәріптейтін сайыс ретінде ерекшеленді. Келіндерге халқымыздың көне сөздері мен дәстүрлері жайында сұрақтар қойылып, олардың тапқырлығы мен білімі сынға түсті. Сайыстың соңғы кезеңі – «Бармағынан бал тамған». Бұл бөлімде қатысушылар өз қолдарымен дайындаған ұлттық тағамдарын таныстырып, қазылар алқасына дәм ұсынды. Құрт, бауырсақ, жент, талқан сынды ұмыт бола бастаған ас түрлері ерекше ықыласпен қабылданды. «Жақсы аспаз дәрігермен тең» деген қазақ даналығы тағы да шындыққа айналғандай болды.
Бұл сайыстың әділ бағасын беретін қазылар алқасының құрамында өмір жолы өнегеге толы, тәжірибесі мол жандар бар. Қазылар алқасына төрағалық еткен – медицина саласының ардагері, дәрігер, Исатай ауданының Құрметті азаматы Күләш Қартеменқызы және Қамысқала ауылдық округінің әжелер кеңесінің төрайымы Жібек Мұхтарова мен Исатай аудандық аналар кеңесінің төрайымы Нұрия Қайдар болды. Сонымен қатар отбасылық құндылықтарды дәріптеуде айрықша орны бар, «Мерейлі отбасы» сайысының облыстық кезеңінің жүлдегері, «Алтын алқа» иегері, «Еңбек ардагері» Махи Қайрденова да қазылық етіп, сайыстың әділ әрі жоғары деңгейде өтуіне өз үлесін қосты.
Нәтижесінде бас жүлде Қамысқала ауылдық округінің атынан қатысқан Төкешова Жайнагүлге бұйырды. Жүлделі екінші орынды Аққыстау ауылдық округінің келіні Өтегенова Назерке, ал үшінші орынды осы округтің тағы бір өкілі Аққалиева Әсел иеленді. Сонымен қатар қатысушылардың еңбегі елеусіз қалмай, бірқатар келіндерге Алғыс хаттар табыс етілді. Бұл олардың өнері мен талпынысына берілген зор құрмет еді.
Жас келіндердің өнегелі келбетін көрсеткен бұл шара көпшілікке үлкен әсер қалдырды. Ата-ене мен келіннің арасындағы сыйластықты нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған осындай игі бастамалар дәстүрлі түрде жалғасын тапса, қазақы тәрбиенің алтын қазығы әлсіремейтіні анық.
Жайна МӘЛІМҚОЖА