Қазақ үшін қасиетті шаңырақ

 

17 наурыз – Шаңырақ күні. Бұл күн сүйіспеншілік, құрмет, сенім, өзара көмек, мейірімділік, жанашырлық, анаға құрмет және ұрпақ сүю сияқты отбасылық құндылықтарды насихаттауға арналуымен маңызды.

Бұл ретте қазақ мәдениетінде шаңырақтың қадір-қасиеті айрықша екенін айтуға болады. Ол – әрі аспан күмбезі, әрі үй-жай, әрі тірек, әрі бақуаттылық пен қауіпсіздік және ұрпақтар сабақтастығы. Ол – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан материалдық және рухани мұра, сонымен қатар отбасының тұрақтылығы мен ұрпақтың үздіксіз жалғасуының символы.

Қазақ дүниетанымында шаңырақ – шеңбердің символы, яғни кім-кімді де кемсітпей өз ортасына қабылдай алу қабілетін білдіреді. Жаһандық тұрғыдан алғанда, шаңырақ ұлттық сана-сезімдегі ел, мемлекет ұғымын бейнелейді, сондықтан да ол елтаңбаның жүрегінде орналасқан. Ендеше, осы мереке күндері шаңыраққа ерекше көңіл бөлінетіні түсінікті жайт болса керек.

Наурыз – туыстық байланыстарды сақтауға және қадірлеуге үндейтін отбасылық та мереке. Бұл – әрбірімізге жақын әрі бәрімізді біріктіретін құндылықтар. Ендеше, Шаңырақ күні алдағы уақытта да отбасы институтының маңыздылығын еске салып, туыстық қарым-қатынастарды нығайтуға бір себепкер бола бермегі анық.

Жалпы, Шаңырақ күні елдегі жас ұрпақты тәрбиелеу ісін дұрыс жолға қойып, олардың бойында патриотизм, адамгершілік, білімқұмарлық пен еңбекқорлыққа деген құштарлықты қалыптастыруға сеп болады.

Шаңырақ күніне орай аудан кітапханасында КазССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 3 дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері, ауданның Құрметті азаматы, жапырағын жайған ұлағатты отбасының отағасы Төлеуішев Құрметтің отбасымен « Алтын шаңырақ» атты кездесу кеші ұйымдастырылды.

Құрмет ағамызбен, жолдасы Күләш апамен және ұл-қыздарымен болған бұл кездесуде ата-ананың берген тәрбиесі, яғни қарапайым еңбектің арқасында отбасы құндылығы, бала тәрбиесі, отбасындағы салт-дәстүр ұстанымы туралы әңгімелер айтылды. Ұлттық нақышпен безендірілген ортадағы жайылған дастархан басынан орын алған кейіпкеріміздің нағыз еңбек адамы ретінде қалыптасуына себепші болған жайт, кезінде еңбек мектебін дәріптеуде әкесі Төлеуіштің кітап бетіне түсуі, сонымен қатар үлкен суретте «Забурын» кеңшарының кеңсесінде мал шаруашылығын өркендетудегі өнегелі қызметімен танылған, қазіргі тілмен айтқанда «логотип» ретінде тұруын кейіпкеріміз мақтанышпен жеткізді. Бұл бүгінгі таңда Құрмет ағамыздың еңбектің майталманы болып елге танылуы «жүз мектеп бере алмаған тәрбиені бір әкенің беруінің» дәлелі екендігін ұқтырғандай. Күләш апамыз да жас кезінен спортқа жақын, еңбекпен «дос» болғандығын айта келе ене мен келін сыйластығына өз пікірін білдірді. Кештің жүргізушісі Құрмет ақсақалымыздан қонақ кәдесін сұрағанда, талай додаларда өнерімен елге танылып жүрген ақсақалымыз домбырамен күмбірлете күй шертсе, кішкентай немерелері де бірі тақпақ айтып, бірі ән шырқап, отбасы өнегесінің көрінісін көрсете білді. «Жалын» мәдениет  үйі өнерпаздарының әуелете салған әндері кештің көркін қыздырды. Шара соңында сөз алған аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Р.Есқали бұл мерекені ұлықтаудың қажеттілігі, көпке үлгі-өнегесін танытқан осындай ақсақалдарымыздың жас ұрпақты тәрбиелеудегі рөлі ретінде маңыздылығын айта келе, шара қонақтарына Алғыс хат пен ескерткіш сыйлықтар табыстады. Құрмет ақсақал  өз ризашылығын айшықты сөзбен өрнектелген мазмұнға бай батасымен жеткізді.

 

Өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT