Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ExxonMobil корпорациясының басқарма төрағасы және бас атқарушы директоры Даррен Вудсты қабылдауы – еліміздің энергетикалық секторындағы ірі халықаралық серіктестік байланыстардың маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл кездесу – Қазақстанның мұнай-газ саласындағы инвестициялық тартымдылығының жоғары деңгейде екенін көрсететін айқын мысал.
ExxonMobil – әлемдік нарықта өзін дәлелдеген алпауыт компания. Оның Қазақстандағы Теңіз және Қашаған сияқты ірі кен орындарын игерудегі қатысуы – еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға зор үлес қосып келеді. Бұл – бір ғана кәсіпорынның емес, тұтас бір саланың дамуына серпін беріп отырған ауқымды серіктестік.
Мемлекет басшысы бұл кездесуде екіжақты ынтымақтастыққа жоғары баға беріп, тараптардың өзара тиімді әріптестікті одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін нақты көрсетті. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Даррен Вудс Теңіз және Қашаған жобаларының келешегіне қатысты пікір алмасып, жаңа даму кезеңдері бойынша ортақ ұстанымдарымен бөлісті.
Қазақстан энергетика саласын жаңғыртуға, экологиялық талаптарды сақтай отырып, тұрақты әрі тиімді өндіріс жүргізуге ерекше мән беріп келеді. Осы тұрғыда, әлемдік тәжірибесі бар ExxonMobil корпорациясымен өзара іс-қимыл – біздің ел үшін үлкен мүмкіндік әрі стратегиялық қадам.
Бұл кездесу алдағы уақытта мұнай-газ жобаларының сәтті жүзеге асуына, технология алмасуына және ел экономикасына жаңа серпін беретін инвестициялардың тартылуына жол ашады деп сенеміз.
Әсел ҒҰБАШОВА