Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында еліміздің көлік және логистика саласындағы стратегиялық жобалардың жүзеге асырылу барысына ерекше тоқталды. Соның ішінде, ұзындығы 836 шақырым болатын «Достық – Мойынты» темір жолының екінші желісінің іске қосылуы – еліміздің транзиттік әлеуетін арттыратын аса маңызды қадам екені атап өтілді.
Аталған темір жол желісі – «Шығыс-Батыс» халықаралық көлік дәлізінің негізгі бөлігі саналады. Бұл бағыт Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалында шешуші рөл атқарады. Енді жаңа желінің іске қосылуымен транзиттік жүк өткізу қабілеті бірнеше есе артып, Қазақстан халықаралық сауда жүйесінде маңызды логистикалық хабқа айнала түседі. Бұл тек көлік саласының емес, тұтас экономиканың дамуына оң әсер етпек.
Президент атап өткендей, бұл жоба еліміздің өз күшімен және өте қысқа мерзімде жүзеге асырылды. Яғни, отандық инженерлер мен құрылысшылардың, темір жол мамандарының кәсіби шеберлігі мен ұйымшылдығының нәтижесінде ірі инфрақұрылымдық нысан сәтті аяқталып отыр. Бұл – отандық мүмкіндіктеріміздің нақты дәлелі.
Сонымен қатар, жаңа темір жол желісі еліміздің көлік инфрақұрылымын кешенді түрде жаңартуға серпін береді. Тасымал уақыты қысқарып, жүктің жеткізілу жылдамдығы артады, бұл бизнес пен сауда саласындағы серіктестер үшін де тиімді болмақ.
Осылайша, «Достық – Мойынты» желісінің іске қосылуы – Қазақстанның көлік-логистика жүйесін жаһандық деңгейге көтеретін, Еуразия кеңістігіндегі орны мен беделін арттыратын ірі тарихи оқиға.
Рафиғат ТАЖИДЕНОВА,
Қамысқала ауылының әкімі