Қамысқала ауылдық мәдениет үйінде қазақтың біртуар ақыны, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, еліміздің алғашқы Әнұраны мәтінінің авторларының бірі, сыншы, драматург әрі публицист Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығына арналған «Қазақтың дана Қадыры» атты ән кеші өтті.
Шара ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы бейнебаянмен басталды. Онда Қадыр ақынның өмір жолы мен әдеби мұрасына қатысты деректер көпшілікке ұсынылды. Кеш барысында ақын өлеңдеріне жазылған әндер шырқалды. Сахна төрінде Новобогат балалар саз мектебінің ұстаздары Айгүл Сұңғатова мен Нұрберген Шаяхмет өнер көрсетсе, кішкентай бүлдіршіндер де өз өнерлерімен кештің шырайын келтірді.
Ауыл тұрғындары рухани кештен ерекше әсер алып, ризашылықпен тарқасты. Шара қонақтарының бірі, ауыл тұрғыны Айбек Әбежанов, кештің маңыздылығын атап өтіп:
– Қамысқала ауылдық мәдениет үйінде өткен Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығына арналған кешке отбасыммен бірге қатысып, жанымызға рухани азық алдық. Әуезді әндер мен мағыналы өлеңдер көңілімізді тербеді. Концерт өте жоғары деңгейде өтті, осындай шаралар ауылымызда жиі ұйымдастырылса деген тілегім бар. Ұйымдастырушылар мен ауыл өнерпаздарына алғысым шексіз, – деді.
Бұл кеш ұлт әдебиеті мен өнерінің биік шыңын бағындырған Қадыр ақынның шығармашылық мұрасын тағы бір мәрте еске түсіріп, халық жүрегіндегі орнын айшықтай түсті. Мұндай рухани іс-шаралардың ұрпақ тәрбиесіндегі орны да ерекше.
Жұлдыз СЕМБИЕВА