Жасыратыны жоқ, теңіз жағалауындағы қалыңдап өскен шөптің, әсіресе қамыс-қоғаның өртенуі салдарынан сол беттен жел соққан кездері ауданымыздағы ауылдарды да көк түтін басып, қолайсыздық туғызатын жағдайлар біраз ойларға жетелейді. Бұнда жағдайлар кешегі кеңестік кезеңде, яғни кеңшарлардың кезінде, атакәсіп - мал шаруашылығы қатты дамып тұрған заманда да кездесетін. Дегенмен, ол уақытта мұндай құбылыс, төтенше жағдай тым сирек, оқта-текте бір қайталанып тұратын. Ал бүгінде бұл халықтың тынышын кетіріп, тіпті үрейлендіретін көрініске айналды.
Кеңшарлар кезі туралы айтып қалдық қой, сәл шегініс жасап, өткенге көз салып көрелік. Қамыстың «көкесі» сол ірі де іргелі шаруашылықтардың дәуірлеп тұрған мезгілінде болғанын өз көзімізбен көрдік. Ашығын айту керек, ол уақытта сол қамысты шауып, оны түрлі мақсаттарға (мәселен, қора салу, үй тұрғызу, боран-шашыннан ықтасын жасау, т.с.с.) пайдаланатын. Қалаберді қамысты ұсақтап шауып, жүгеріге қосып малға азық ретінде қолданып, саман тас басқанда мықты болу үшін балшыққа қосып илейтін. Каспий теңізі өресіндегі біздің Исатай (бұрынғы Новобогат), көршілес Құрманғазы (бұрынғыТеңіз) аудандарының шаруашылықтары, әсіресе малшылары жаңағы айтылған орылып, бауланған қамыс матыларынан қыстақ үйлерін салып, одан қалса қора-қопсыларын сайлап алғанын, сонымен қыстақты өткізіп, сын кезеңнен сыр бермей шыққанын да құлағымыз естіп, көзіміз көрді. Сол қамыстан тұрғызылған қыстақ орындарында ұсақ жандық өз алдына, мүйізді ірі қара малына (негізінен аналық сиырлар үшін) арналған сауын гурттары (кейіннен бұлар механикаландырылған тауарлы сүт фермалары деп те аталды) салынып, қанша қатал қыс болса да, тұяқтары сетінемей шығатын.
Жылытылған қораларда бұзауларға қолайлы жағдай жасалып, олардың да басынан шығын болмайтын. Кезінде Нарын құмында қазіргі ауданымызға қарасты «Новобогат» және Чапаев атындағы кеңшарлардың мүйізді ірі қарасы да осы жерлерде қыстатылғанын білеміз. Оңтүстіктен жел соқса теңіз суы малшылар отырған жерге тақалып келіп, кері қайтып жататын. Айтайын дегенім, табиғаты қатал, қысы қатты малды өңірлерде қыста қолда ұсталып, қорада бағылатын малдың басынан шығын болмай, түліктің өз төлі есебінен өсіп-өніп, көбеюіне бірінші кезекте себепші болған табиғаттың берген байлығы – айдынның аумағын қаулап өскен осы қамысы екені шындық.
Жазда аудандағы әр кеңшар малшылары Нарын құмынан өздеріне бөлінген жерге - жаз жайлауына баратын-ды. Бұрынғы «Новобогат», Чапаев атындағы, «Забурын» кеңшарлары «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының қазіргі Қамысты кен орнынан теңіз жағалауына тіреле қыстаққа түсетұғын. Ауқайраң учаскесінің өзінде «Алты корпус» деп аталатын қой фермасының орталығы, онда өзінің дүкені бар болатын. Сондай-ақ, «Жігер» комсомол жастар бригадасы да осы учаскеде орналасқан-ды. Қазіргі Қамысты кен алаңы тұрған орынның оңтүстігінде, теңізден төрт-бес шақырым жерде тағы бір ферма орталығы болды. Ол кезде әлгіндей дүкендері малшы ауылдармен бірге көшіп жүретін кеңшарлардағы басшылар мен мамандардың жұмысты ұйымдастыруы бөлек-тін.
Жалғасы газеттің №32 (4245) санында
Мұрат БЕКТЕНОВ,
ауданның Құрметті азаматы
Тұщықұдық ауылы