ҚАЖЫМАҒАН ҚАҺАРМАН

сурет ғаламтордан

 

Жеңістің 80 жылдығын атап өтер күн де жақын қалды. Жиырмаға толмай жатып кеудесін оқ пен отқа тосқан азаматтарымыздың бірі майдан даласында қалса, екіншісі туған жердің топырағын қайта басу бұйырып, соғыстан кейінгі тұралаған шаруашылықты қалпына келтіру ісіне білек сыбана араласты. Солардың бірі Нарын құмында 1924 жылы өмірге келіп, 18-ге толар-толмас бозбала шағында қан майданға аттанған Нұржауов Қалидолла атамыз еді. 

Соғыста 2-Украина майданындағы 111-атқыштар дивизиясы құрамында болған Қалекең алғашында жеңіл жараланып, соңынан аяғынан алған ауыр жарақаттың салдарынан бар болғаны 20 жасында мүгедек атанып, елге оралған болатын.

Ол кісінің жорық жолына нақты әскери құжаттар бойынша көз жүгіртсек, Украинаның Кировоград облысындағы Александрия қаласы үшін болған шайқаста немістердің брондалған автомашинасын, танкіге қарсы қолданатын граната лақтырып, ішіндегі фашистерімен бірге күлін көкке ұшырған екен. Аудан орталығы Мичурин селосындағы ұрыста бір өзі жаудың 1 офицері мен 3 солдатын тұтқындапты. Соғыста фашистердің 1 офицері мен 11 солдатының көзін жойған екен. 66-атқыштар бригадасының командирі атамызды әскери тапсырмаларды орындаудағы осындай ерліктері үшін «За боевые заслуги» медаліне ұсыныпты, алайда ауыр жарақат алып, госпитальдарда ем алуына және кейіннен 1944 жылдың күзінде туған еліне қайтарылуына байланысты, ол награда иесіне тапсырылмай қалыпты. Дегенмен, батыр атамыздың ерліктері еленбей қалмады. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 14 сәуірдегі Жарлығымен Нұржауов Қалидолла соғыста көрсеткен ерліктері үшін 3-дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталды.

Туған жерге оралысымен атамыз соғыста қан төккен мүгедекпін деп жатып алмады, ер-азаматтардың, жұмыс қолының аса қажет кезі, бірден еңбекке араласты. Забурын селолық кеңесіне қарасты «Родина» ұжымшарында 12 жылдан астам уақыт аға жылқышы болды. Түліктің осы түрін өсіруде елеулі еңбек етті. Кейіннен ұжымшарлар біріктіріліп, кеңшарлар құрылғанда, алғашқылардың бірі болып шопан таяғын ұстап, «Забурын» кеңшарының аға шопаны атанды. Қаракөл қойынан көптеп қозы алу, жүн мен ет өнімдерін көбейту бағытындағы ерен еңбегі де елеусіз қалмады. Кеңшардың, аудан және облыстың басшылығы тарапынан бірқатар марапаттарға ие болды. Ол кезде адал еңбек етіп көзге түскендер Коммунистік партия қатарына қабылданатын. Қ.Нұржауов та партия мүшелігіне қабылданып, өз міндетін бұрынғыдан да адал атқаруға жұмыстанды.

1950 жылы көршілес Орал облысының Жаңақала ауданындағы Новая Казанка ауылының қызы Шунгулова Нәзипаға үйленіп, өмірге 4 ұл мен 4 қыз келді.

Кезінде атамызбен бірге еңбек еткен жұмыстас інілері болған, қазір жастары 90-ға келген Исатай ауданының Құрметті азаматтары Нұрсапин Айдолла мен Көпбергенов Қадыржан ағаларымыз Қалекең туралы бірталай естеліктерімен бөлісті.

«Қалекең жылқышы, кейіннен шопан болғанда да өзіне тапсырылған жұмысқа аса мұқият қараған өте еңбекқор адам еді, ол кездегі мал шаруашылығының жыл он екі айда бітпейтін таусылмас қиыншылықтарына мойымастан, соғыста алған ауыр жарақатын елемейтін. Қыстың қарлы да боранды аяздарында, жаздың аптап ыстық күндерінде қоғам малының басын аман сақтау және оның өнімдерін молайту жолында қажымастан еңбек етті».

Алайда соғыс жарақаты атамыздың денсаулығына кері әсерін тигізбей қоймады. 1974 жылы соғыстың 2-топ мүгедегі ретінде кеңшардың түрлі жеңілдеу маусымдық жұмыстарына қатысты. Ал, 1976 жылы өзі де, жолдасы да науқастанып қала беретін болды да, отбасылық және денсаулық жағдайына байланысты көрші Индер ауданының Елтай ауылына қоныс аударды. Өмірінің соңына дейін сол ауылдағы мектепте қарауыл болып жұмыс жасады.

Индер ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасы Халық ағарту ісінің үздігі Г.Қауашева атамыз еңбек еткен мектепте директор болған екен. Ол Қ.Нұржауов туралы былайша еске алды:

«Қ.Нұржауов ағамыз 1976-1986 жылдары Индер ауданының Елтай ауылындағы Ленин, қазіргі М.Сиранов атындағы мектепте қарауыл болып жұмыс жасады. Мектепте штат бірлігі көп емес, түнде қарауыл, күндіз жүк түсіру, аула тазалау, интернатқа келген етті шабу, мектеп ауласындағы ағаштарды суару жұмыстарын ешқандай тартынбай атқаратын. Жүзі жылы, аса еңбекқор аға кабинеттерді безендіру жұмыстарына да араласатын. Партия жиналыстарында мектеп ауласын жарықтандыру, оқушылардың көшеде мезгілсіз жүрмесі үшін кешкі үйірмелерді мезгілімен өткізу туралы орынды ұсыныс-пікірлерін білдіріп отыратын. Қарауыл жұмысы да жауапты жұмыс еді. Мектеп көмірмен жылытылатын, әрине, ел болғасын көмір ұрлаушы да кездесетін, ағамыз ескерту жасап, әкімшілікке жеткізбей шешетін. Қоғам мүлкін көздің қарашығындай сақтауға жұмыстанатын. Ол кезде ауыл шаруашылығына жиі сенбіліктер ұйымдастырылады. Ағамыз да қолына күрегін алып, алдымен келетіні еске түседі. Ауылдағы тұтынушылар қоғамының мүшесі бола жүріп, дүкенге келген заттың адал бөлінуін, жайлаудағы малшыларға жеткізілуі, оқушылардың оқу құралдарының жеткілікті алынуына көңіл бөлуді комиссия мүшелеріне ескертіп отыратын. Жұмыс жасаған жылдарында абыройлы еңбегі үшін Құрмет грамоталары, заттай және ақшалай сыйлықтармен марапатталды».

Соғыс және еңбек ардагері Нұржауов Қалидолла соғыста алған ауыр жарақаты салдарынан бар болғаны 62 жасында өмірден өтті. Биылғы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына жерлесімізге өзі туған ауданының бір ауылынан көше аты берілсе, өскелең ұрпаққа отансүйгіштік, патриоттық тәрбие берудегі маңызы зор шара болар еді. Бұл және 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялануына байланысты осындай қарапайым еңбек адамдарының есімін ұлығылаудың анық айғағы болатыны да сөзсіз.

 

Еркін ЖҰМАЖАНОВ,

Аққыстау ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT