Қазіргі жағдай қатаң бақылауда

Соңғы бізге жеткен сенімді ақпарат көздерінің хабарлауынша, Махамбет ауданы тұсындағы Жайық өзеніндегі су деңгейі тәулік сайын көтерілуде.

 Бұл Махамбет ауданы мен Атырау қаласына қауіп төндіруі мүмкін.Қазір осыған байланысты махамбеттіктер егер жоғарыдан тасқын су көп келсе, онда судың бір бөлігін осы Жайық өзенінен бастау алатын біздің ауданға қарасты Нарын және Бақсай каналдары мен Жалтыр (олардың айтуынша қырға қарай ) көліне қарай бұрып жіберу жұмыстарын қолға алуда. Соған сәйкес ауданымызда ауылдарды өр суынан қорғау мақсатында жағада бөгеттер бекітіліп, бөгеттер соғылуда. Аудан әкімі Нұрым Мусин су тасқынына қарсы құрылған жедел штабпен жиын өткізіп, қазіргі жағдайды қатаң бақылауда ұстау керектігін тапсырды.

-Біз көрші аудандағы болып жатқан жағдайға немқұрайлы қарамауымыз керек. Ол үшін әр ауылдық округтерден сағат сайын ақпарат алынып, штабпен тығыз байланыста болу қажет. Аудандағы бүкіл ауыл тұрғындары, бюджеттік мекеме қызметкерлері, мектеп оқушылары, еріктілер, белсенділер, жастар түгелдей бөгет жұмыстарына жұмылдырылуға тиіс. Айта кету керек, қазірде аудан жұртшылығы біркісідей жұмылып, күні-түні судан қорғану мақсатында бөгет соғу жұмыстарын жүргізуде. Тасқынға тосқауыл қоюда дәл осындай жұдырықтай жұмылу керектігін одан әрі жалғастыра беруіміз керек. Ауылдық округтер әкімдері, жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалығының жетекшілері, өндірістік кен орындары, бюджеттік мекеме-ұйымдар мен салалық бөлім басшылары өздеріне тапсырылған міндетті де тиісті жұмыстарды дер кезінде орындап, жергілікті тұрғындарды қауіпсіз жерге эвакуациялауға дайын тұрулары шарт,-деді аудан әкімі. Бұдан кейін аудан әкімі жергілікті тұрғындар үрейленбеуін, жұрттың алып-қашпа сөздеріне ермеуін, балалар мен үлкен кісілерді қауіпсіз жерге апаруға көмектесулерін қаперге берді.

Ал облыстық мәслихаттың депутаты Нұрлан Қайырденов: - Ел басына күн туған шақта ең алдымен бір болуымыз керек. Екіншіден, анау-мынау сөздерге сенбеуі тиіс. Үшіншіден, мықты тәртіп қажет. Осы айтылғандардың барлығын жерлестеріміз жасап жатыр. Осындай тәртіп күшті болса, бірлік, тұтастық болады. Бүгінде Президентіміз осы адами қасиеттерге ерекше мән беріп, елдің қиын-қыстау кезеңінде шыдам, төзім, ұйымшылдығы мығым болған кезде ғана бәрін жеңетінімізді айтуда. Ендеше, ағайындар, бірлесе жасап жатқан жұмысымыз абыройлы болсын,-деді.

                                                                                                 Аяпберген САЛИХОВ

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT