Әке жолын жалғаған өнерпаз

 

Ауылдың тыныс-тіршілігіне жан бітіріп, сахнасына жаңа леп әкелген жастардың бірі - Нұрдәулет Ыбырайұлы. Әке жолын жалғап, өнерге адалдықпен қызмет етіп жүрген бұл жігіттің өмірі – тәрбиенің күші мен туған жерге деген шексіз сүйіспеншіліктің айқын үлгісі.

Қай ортада жүрсе де «Өзімнің өнерім – ауылым үшін» деген ұстанымынан таймай, туған жерінің мәдениеті мен рухани өміріне шынайы үлес қосып келеді.«Өнер жолына түсемін» деген әр баланың жүрегінде бір шамшырақ жанып тұрады. Ал сол шамшырақтың өшпей, керісінше жарқырай түсуіне дұрыс бағыт беретін – әке тәрбиесі. Нұрдәулеттің әкесі, Ыбырай Сағидоллаұлы, кезінде аудандық «Жалын» мәдениет үйінде басшының міндетін атқарған, облыс көлеміндегі концерттердің бел ортасында жүріп, «Үздік мәдениет қызметкері» атанған халық адамы болған. Әкенің өнерге деген ықыласы, сахнаға деген жауапкершілігі мен табандылығы баласына да бағыт-бағдар болды.  Ол кәсіби білімін Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясында, кейін Атырау музыка колледжінде жалғастырды. Бұл оқу орындары Нұрдәулет үшін үлкен мектепке айналды, кәсіби орындаушылық, сахна мәдениеті, халықтық өнердің тереңдігі – бәрі осы жылдары қалыптасты.

Студенттік шағында облыстық, республикалық байқауларға қатысып, сахналық тәжірибесін шыңдай түсті.  Өнер жолында биікке ұмтылса да, Нұрдәулет ең маңызды шешімдердің бірін қабылдап, туған ауылына оралуға бел буды. Үлкен қалада қалып, кәсіби тұрғыда өсетін мүмкіндігі бола тұра, ол ауыл мәдениетін дамыту – өзінің азаматтық парызы екенін сезінді. Әкесінің өмір бойы осы ауылдың мәдениетіне адал қызмет еткенін ескергенде, Нұрдәулеттің бұл таңдауы әке аманатына деген құрметтің де белгісі еді.

– Өнердің биігіне қаладан ғана жетесің деген түсінік қате. Мен үшін ең үлкен сахна – өз ауылымның жүрегі. Осы жердің топырағы мені өсірді, осы елдің үні мені өнерге жетеледі. Сол үшін қай жерде жүрсем де, туған ауылымның рухын биіктету – менің азаматтық борышым. Әкем үнемі «Халыққа қызмет ету үшін алысқа барудың қажеті жоқ, өз ауылыңды көркейтсең – елге жасаған ең үлкен еңбегің сол» деп отыратын. Мен осы сөздің мәнін енді терең түсінемін. Қалада қалуға мүмкіндігім болды, бірақ мен ауылға оралуды таңдадым. Өйткені өнерді ауылға әкелу – өз тамырыңа су құюмен бірдей. Егер әр жас туған жеріне бір жарық алып келсе, ауыл да өзгереді, ауыл да жаңарады. Менің бар арманым – осы ауылдың сахнасын сөндірмей, жастардың бойына өнерге деген сүйіспеншілікті дарыту. Туған жерге қызмет ету – нағыз патриотизм деп сенемін, - дейді ол.

Әкесі жиі айтатын «Өнерге адал бол – сонда халық та саған адал болады» деген өсиет бүгінде Нұрдәулеттің де өмірлік ұстанымына айналған. Туған жерінде жүріп, мәдениет саласын дамытуға үлес қосып жүрген осындай жігерлі жастар – ауылдың мақтанышы, ел ертеңін көркейтетін күш. Нұрдәулеттің жолы – әке өнегесі мен туған жерге деген шынайы сүйіспеншіліктің айқын мысалы.

 

Камилла КАКИМҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT