Аудан тұрғындарына бір ай көлемінде тамаша кеш сыйлап, қатысушылары халықтың ыстық ықыласына бөленіп, қызу талқысында жүрген «Кел шырқайық» ән-байқауы төрт кезеңді артқа тастап, өз мәресіне жетті. Кәсіби әншілер мен әртүрлі салада еңбек етіп жүрген мекеме қызметкерлері дует құрып, додаға түскен бұл байқау көрерменнің көңілінен шықты.
Тартысқа толы өткен байқаудың нәтижесінде шын жүйріктер мен нағыз талтантты жұптар жеңіске жетті. Байқаудың шешуші кезеңіне аудан әкімі Полымбет Хасанов, Аққыстау ауылдық округінің әкімі Ғаділ Боранбаев және аудандық мәслихат аппаратының басшысы Мүтиғолла Насиханов қатысып, тамашалап оң бағасын берді .
Естеріңізге сала кетейік, байқауда ауданға танымал әнші Альбина Мидар мен аудан әкімінің кеңесшісі Ринат Есқали, Айдана Бақытова мен ХҚКО (халыққа қызмет көрсету орталығы) аудандық филиалының басшысы Едіге Досқалиев, сазгер әрі әнші Берікбол Қонаров пен АПБ ЖПҚ ювеналды полиция тобының аға инспекторы Айсұлу Телеубаева, талантты әнші Аманбек Тарихов пен Өркен орта мектебінің мұғалімі Гүлден Еркін, дарынды әнші Жеткіншек Идеятов пен аудандық мәслихат аппаратының бас маманы Дидар Жеткінов, Меңдібек Жұмағалиев пен ағылшын және орыс тілі пәнінің мұғалімі Қырмызы Сыдиқова, дәстүрлі және эстрадалық әндерді орындаушы Гүлзира Қажығалиева мен Аққыстау орта мектебінің құқық негіздері пәнінің мұғалімі Нурия Қайдар жұптасып, бір ай бойы төрт кезең бойынша өнер көрсетті. Аудан тұрғындарына әр бейсенбі тамаша көңіл-күй сыйлаған байқау көптің көңілінен шыққаны жасырын емес. Себебі, байқаудың әр кезеңінде «Жалын» мәдениет үйінде ине шаншыр орын болмай, билеттердің өзі кассада күн өтпей сатылып отырды.
Жобаның шешуші сайысы да тартысқа толы болды. Төртінші кезеңнің басты тақырыбы ел аузында жүрген, танымал (хит) әндерді шырқау. Ақтық сынның басты тосын сыйы елімізге танымал эстрада жұлдызы Бейбіт Көшқалиевтің келуі болды. Төртінші кезеңде ән өңдеуші, музыка маманы, «Айгөлек» ансамблінің мүшесі Ринат Алиев, Жанбай балалар саз мектебінің директоры Сағия Хисамиденқызы мен «Жалын» мәдениет үйінің директоры, кәсіби биші, жоба ұйымдастырушысы Шара Темірланқызы мен әнші Бейбіт Көшқалиев қатысушыларға қазылық етті.
Байқауды ауданымыздың атымтай жомарт жандары демеушілік жасап қолдаған болатын. Атап айтсақ, Исатай ауданының азаматы Бауыржан Құрасов пен Нұрғали Рахметқалиұлы және «ЖайықМұнайГаз» мұнай-газ өндіру басқармасы, оған қоса бірлігі мен татулығы жарасқан, ұйымшылдығымен көпке үлгі Үбі батыр көшесінің тұрғындары.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, қатысушылар төртінші кезеңнің тақырыбына сай танымал әндерді орындап, күтпеген образдар сомдап, жаңашыл бағыттарымен көрермендердің қошеметіне бөленді. Жобаның ерекшелігі мен көздегені мекеме қызметкерлерінің де өзге де қырларынан көрсету болатын. Бұл тұрғыдан алғанда, жоба өз межесіне жеткеніне көрермен куә.
Бір айға жуық уақытқа созылған байқау нәтижесінде, Едіге Досқалиев пен Айдана Бақытова жұбы топ жарып, жүлделі І орынды еншілесе, Аманбек Тарихов және Гүлден Ерсін жұбы ІІ орынды, ал Ринат Есқали және Альбина Мидар жұбы ІІІ орынға табан тіреді. Айта кетейік, байқау жеңімпаздары 100 мың теңге, ІІ орын үшін 70 мың теңге, ІІІ орын үшін 50 мың теңге қаржылай сыйлық берілді. Оған қоса, «Атырау облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Исатай аудандық комитеті» филиалы жобаға қатысушы 6 адамға 10 мың теңгеден қаржылай сыйлық табыстады.
Сондай-ақ, көрермендер арасында да өздеріне ұнаған жұптарға демеушілік жасағандар болды. Аққыстау ауылының тұрғыны Балтабек Сағынғали ұпай бойынша төртінші орынға тұрақтаған Меңдібек Жұмағалиев пен Қырмызы Сыдиқованың жұбына бір қой атады. Балтабек Сағынғалидың айтуынша, ауданда өткізілетін мұндай жобалар қолдауға лайық. Өзі байқаудың үшінші кезеңінен бастап тұрақты көрерменіне айналған.
Жобаның жеңімпазы Едіге Досқалиев бұрын мүлде ән айтып көрмеген екен. Алайда жоба туралы ұсыныс алғанда қызығушылық танытып, бірден қатысуды құп көрген.
–Иә, расында да мен мектеп қабырғасында да, студенттік шағымда да ән айтып, сахнада төбе көрсеткен емеспін. Деседе бұл жоба мен үшін өте қызықты көрінді. Өзімнің жаңа қырларымды ашуға үлкен мүмкіндік сыйлады. Жобадағы жұбым Айдана Бақытованың кәсіби шеберлігі мен еңбекқорлығының арқасында осындай жүлдеге ие болдық деп ойлаймын. Бізде мекемеде күнделікті жұмыс, бірқалыпты қызмет. Бұл байқау өзімнің күнделікті дағдыларыма өң беріп, ерекше көңіл-күй сыйлады. Алдағы уақытта да жалғасын таба берсін, жобаның ұйымдастырушыларына шығармашылық табыс тілеймін,-дейді «Кел шырқайық» ән байқауының жеңімпазы Едіге Досқалиев.
Жайна МӘЛІМҚОЖА