«КЕЛ ШЫРҚАЙЫҚ» БАЙҚАУЫНЫҢ II МАУСЫМЫ БАСТАЛДЫ

Көзі қарақты көрерменнің – көптен күткен, қызыға қарайтын,  кіл мықтыны саралайтын, шын талантты жұпты анықтайтын «Кел шырқайық» жобасының II маусымы басталды. Бұл байқаудың шарты да бұрынғы ережемен сайма-сай және «Жалын» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткізіліп жүргені көпшілікке де белгілі. Шараның шымылдығын аталған жобаның I маусымына қатысқан қатысушылар әсем әнмен ашып, одан әрі кештің шырайын аша түскендей болды.

Бұл  таса да жүрген талантты тауып,  бойындағы титтей өнерін шамдай жақтырған жоба болды. Аталмыш байқаудың мақсаты аудан әншілерінің мәртебесін көтере отырып, мемлекеттік қызметте және білім саласындағы жандардың бойындағы өнерін халыққа көрсету болып табылады.

Бір айға созылатын жобада 14 қатысушы, яғни 7 жұптың өнері сынға түседі. Байқау төрт кезеңнен тұрады, әрі бейсенбі сайын  қатысушылар аудандық «Жалын» мәдениет үйінде  -көрермендерге  көңілді кеш сыйлайтын болады.

Байқауда  Абай орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі, әнші Айкөркем Өмірзақова мен жас ақын, аудан әкімінің кеңесшісі  Еркебұлан Зинеденов, Н.Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйі, Аққыстау халық театрының режиссер ассистенті Алтынай Әділбекова мен Қызыл үй мектебінің директоры Нұрлан Мұрат, белгілі әнші Әділбек Жұмашев пен жеке кәсіпкер Қарлығаш Зинолла, әнші Болат Мағзомов пен аудандық аурухананың жұқпалы  аурулар бөлімшесінің мейірбикесі Асылай Ғайниев, «Жалын» мәдениет үйінің әдіскері Талжібек Баханова мен аудандық жедел жәрдем фельдшері Шыңғыс Сейткереев, жас әнші Меңдібек Жұмағалиев пен Аққыстау ауылдық кітапханасының кітапханашысы Ұлжан Өтегенқызы, Жанар Мусаева мен облыстық ішкі саясат басқармасының аудандық жұмысты үйлестіру бөлімінің  маманы Медет Насихатов жұптасып, өнер көрсетеді. Байқаудың алғашқы кезеңінің өзінде көрермен көп жиналды.

 Тағы бір айта кететін жайт, байқауға қатысушылардың өнері әр кезеңде берілген тақырыпқа сай, әндері мен образдарын үйлесімді орындауларына қарай бағаланады.

Әділқазылар алқасынан бөлек, көрермендер де өздеріне ұнаған жұптарға «Жалын» мәдениет үйінің Instagram парақшасы арқылы да дауыс бере алады.

 Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521