Өнер сүйген ауылдастарға бір ай көлемінде тамаша кеш сыйлаған аудандық "Жалын" мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Кел, шырқайық!» жобасының III маусымы төрт кезеңді артқа тастап, мәресіне жетті, - деп хабарлайды "Нарын таңы" газеті. Жобаның бұрынғыдан басты ерекшелігі - әртүрлі салада еңбек ететін жандардың дуэт құрып, сахна төріне шығуы.
Тартысқа толы байқаудың нәтижесінде шын жүйріктер яғни нағыз талантты жұптар жеңіске жетті. Өнер бәйгесінің шешуші кезеңін тамашалауға аудан әкімі Нұрым Мусин, орынбасары Нұрберген Утегенов және облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының басшысы Жәнібек Аманиязов, сондай-ақ, аудандық дербес бөлім басшылары келді.
Байқауда аудандық емхана фельдшерлері Нұрхат Жасұланов пен Мадина Жайшылықова, Аққыстау орта мектебінің мұғалімдері Шолпан Баделова мен Жарқын Жұмағазиева, аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары Сымбат Есқалиева мен Перизат Рысқалиева, «Семсер» өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі Райымбек Жұмағалиев пен «Айлин» тәттілер кондитерінің көмекшісі Марта Жаналиева, аудандық Жастар ресурстық орталығының маманы, Отбасын қолдау орталығы қызметкері Данабек Бапанов пен аудандық «Нарын таңы» газетінің тілшісі Сағыныш Қайыр, аудандық мәслихаттың көлік жүргізушісі Асылбек Көшербаев пен аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға учаскелік инспекторы, полиция аға лейтенанты Римма Қарақойшиева және аудандық мектеп-гимназияның мұғалімдері Эльдар Манашев пен Эльвира Таукен жұптасып, бір ай бойы төрт түрлі кезең бойынша өнер көрсетті. Төрт кезең – төрт түрлі тақырып. Әр кезеңде сала мамандары өздерінің үйреншікті ортасынан шығып, күтпеген жанрларда өнер көрсетіп, жаңа қырынан танылды. Бірде сахнада салмақты рөлді сомдаса, бірде мүлдем өзгеше, тың образға еніп, көрерменді таңғалдырды. Кәсіби әртістерден кем түспейтін шеберлік, сахнадағы еркіндік пен шығармашылық ізденіс көрерменнің көңілінен шығып, ерекше әсер сыйлады.
Соңғы кезеңнің басты тақырыбы – ретро әндерді шырқау. Бұл финалда «Мәдениет» саласының үздігі, Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының актеры Мырзабек Макулов, С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйі жанындағы Д.Ғұмаров атындағы халық театрының режиссері Болат Бидуллаев, Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебінің директоры Ербол Ахтанов, ауданға танымал әнші, Индер балалар өнер мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Альбина Мидар, Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебінің вокал пәні мұғалімі Зухра Қуанғалиқызы қазылық етті.
Нәтижесінде, А.Көшербаев пен Р.Қарақойшиева жұбы топ жарып, жүлделі І орынды еншілесе, ІІ орынды Ш.Баделова мен Ж.Жұмағазиева иеленді, ал С.Есқалиева мен П.Рысқалиева және Э.Манашев пен Э.Таукен жұптары ІІІ орынды бөлісті. Айта кетейік, байқау жеңімпазына 100 мың, ІІ орын үшін - 80 мың, ІІІ орын үшін 60 мың теңге, ал Алғыс хат алған қатысушыларға 40 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлықтар берілді.
Сондай-ақ, өткен екінші кезеңде көрермендер арасында да өздеріне ұнаған жұптарға демеушілік жасағандар болды. Солардың бірі аққыстаулық Балтабек Сағынғали үшінші орын иеленген жұпқа «Шұғыла» дүкенінен 30 мың теңге сертификатын ұсынды. Ол ауданда өткізілетін мұндай жобалар қолдауға лайық айтады.
Өзі аталмыш байқаудың 1 маусымынан бастап тұрақты көрермені және де демеушіге айналған. Қазақта «алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дегендей, қанжығаларына байрақ байлаған әрі ауыл тұрғындарының жанарын жаулаған ән-байқау өз мәресіне осылай жетті.
Әсел ТАБИҒАТОВА