Аудандық «Жалын» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен көпшілік асыға күтетін «Кел, шырқайық!» музыкалық жобасының 4-маусымы өз шымылдығын түрді. Әр аптаның бейсенбі күні өтетін бұл жоба аудан жұртшылығы үшін нағыз өнер мерекесіне айналмақ.
Биылғы маусымға 7 жұп қатысуға ниет білдіріп, өз бақтарын сынауда. Қатысушылар түрлі сала мамандары болғанымен, барлығын біріктіретін ортақ құндылық – ән мен өнерге деген сүйіспеншілік.

Жобаға Нұрланова Жансая мен Шарим Дамир қатысуда. Нұрланова Жансая «Атырау облысы білім беру басқармасының Исатай ауданы білім бөлімінің №4 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде жылу қазандығы операторы қызметін атқарады, ал Шарим Дамир осы мекемеде жылу қазандығы операторы болып жұмыс істейді. Сондай-ақ жобаға Исатай аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Қуанышев Ринат пен «Игілік» жиһаз жасау цехының мебель дизайнері Ғабдоллаева Ақбөбек қатысып отыр.

Аудандық аурухананың мейіргерлері Нагимова Назгүл мен Ғадылбек Арсен де өз өнерлерін ортаға салуда. Хисимова Орынгүл аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімде адами және көлік ресурстары бойынша автоматтандырылған мемлекеттік қызмет көрсету маманы ретінде еңбек етсе, оның жұбы Асқар Серікұлы «Батыс Тех Инвест» мекемесінде кондуктор қызметін атқарады. Өнер саласынан жобаға Өнер мектебінің шаруашылық меңгерушісі Дүйсалиев Тұрар мен аудандық Өнер мектебінің термешісі Еркін Гүлден Еркінқызы қатысуда. Сонымен қатар аудандық Өнер мектебінің би үйірмесінің жетекшісі Жакудаева Венера мен Өркен орта мектебінің сантехнигі Әруов Әділ өнер көрсетуде. Жобаға мектеп-гимназияның музыка жетекшісі Хайрова Дина мен осы білім ордасының математика пәні мұғалімі Ғинаят Сәттібек те қатысып, көрермен ықыласына бөленуде.

Жоба барысында қатысушылар 4 кезең бойынша өнер көрсетеді. 1-кезең “Кавер” , 2-кезең “Саундтрек”, 3-кезең – “Пародия” және 4-кезең – “Заманауи хит әндерді шырқап, жоба жеңімпазын анықтамақ. Алдын ала жеребе тартылып, алғашқы кезең – кавер әндерді орындау бойынша жарыс өтті.

Жобаның 1-кезеңінде Нұрланова Жансая мен Шарим Дамир «Таң самалы» әнін орындап, көрерменге нәзік әуен сыйласе, Қуанышев Ринат пен Ғабдоллаева Ақбөбек «Мені ұмыт» әні арқылы сахнада сезімге толы өнер көрсетті. Нагимова Назгүл бен Ғадылбек Арсен замануи ән «Күйім» әнін орындап, тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ Хисимова Орынгүл мен Асқар Серікұлы «Таңғы елес» әнімен көркем орындау үлгісін ұсынса, Дүйсалиев Тұрар мен Еркін Гүлден Еркінқызы кезінде хит болған «Шөпір әнін» шебер жеткізді. Ал Жакудаева Венера мен Әруов Әділ «Опырмай» әнімен сахнаның көркін қыздырды. Кештің соңын Хайрова Дина мен Ғинаят Сәттібек «Ақ гүлдер» әнімен түйіндеп, әсерлі сәт сыйлады.

Қазылар алқасының шешіміне сәйкес 1-кезең қорытындысы шығарылып, қатысушылардың өнері әділ бағаланды. Нәтижесінде Қуанышев Ринат пен Ғабдоллаева Ақбөбек жұбы 82 ұпай жинаса, Жакудаева Венера мен Әруов Әділ, сондай-ақ Хисимова Орынгүл мен Асқар Серікұлы жұптары 83 ұпайдан еншіледі.

Хайрова Дина мен Ғинаят Сәттібек 85 ұпайға ие болды. Ал Дүйсалиев Тұрар мен Гүлден Еркінқызы, сондай-ақ Нұрланова Жансая мен Шарим Дамир жұптары 89 ұпай жинап, жоғары нәтиже көрсетті. Ал көрермен мен қазылардың ерекше ықыласына бөленіп, толық 90 ұпай жинаған Нагимова Назгүл мен Ғадылбек Арсен жұбы 1-кезеңнің жеңімпазы атанды.

Алда әлі тартысты кезеңдер күтіп тұр. «Кел, шырқайық!» жобасының келесі сайыстары да көрерменге қызықты сәттер сыйлайтыны сөзсіз.
Е.ЗИНЕДЕНОВ



