КЕЛЕЛІ ІСТЕР – КЕҢЕС НАЗАРЫНДА

сурет автордікі

 

Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында қоғамдық кеңестің кезекті екінші отырысы өтті. Кеңес жұмысына кеңес мүшелерімен қатар, округ әкімдері, тиісті сала өкілдері қатысты. Мәжіліс жұмысын қоғамдық кеңес төрағасы Самат Есенов ашып, кеңес мүшелігіне енген азаматтарға ресми куәліктерді табыс-таумен бастады. Бұл – жаңа құрамдағы кеңес мүшелерінің өкілеттілігін ресми түрде бекітіп, алдағы жұмыстарына серпін беретін сәт болды. Басқосуда аудан дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды. 

 Атап айтқанда, Аққыстау ауылдық округіндегі санитарлық тазалық пен көгалдандыру жұмыстарының жай-күйі, құрылысы аяқталмаған көп пәтерлі тұрғын үйлер мен өрт сөндіру депосының тағдыры, сондай-ақ Исатай мен Зинеден ауылдық округтеріндегі мемлекеттік қызметтердің көрсетілу барысы жөніндегі есептер тыңдалды. Жиын барысында ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшылары өз бағыттары бойынша баяндама ұсынып, кеңес мүшелері тарапынан қойылған нақты сауалдарға жауап берді.

 

Қоршаған ортаға көзқарас

Кеңес отырысында алғашқы болып сөз алған Аққыстау ауылдық округінің әкімі Ғаділ Боранбаев санитарлық тазалық пен көгалдандыру бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, бұл бағыттағы жүйелі жұмыс — ауыл өмірінің сапасын арттырудың негізгі тетігі. 2024 жылы Аққыстау және Өркен ауылдарын санитарлық тазалықпен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік сатып алу рәсімдері өткізілген. Алайда, жеңімпаз деп танылған «Исатайгазстройсервис» ЖШС өз міндеттемелерін толық орындай алмауына байланысты бірқатар ескертулер алып, оның жұмысы қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысында қанағаттанарлықсыз деп бағаланған. Тұрғындар тарапынан портал арқылы 8 мәрте, әлеуметтік желілер мен WhatsApp топтары арқылы 17 рет шағым түскені бұл мәселенің қаншалықты өткір екенін айғақтайды.

Ауылдың экологиялық ахуалын жақсартып, сыртқы келбетін көркейту мақсатында көгалдандыру жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Ауыл әкімінің айтуынша, демеушілер көмегімен 200, ал бюджет қаражатынан 80 түп туранга ағашы отырғызылып, олардың барлығы жерсініп, жақсы күйде өсіп тұр. Ағаштарды күтіп-баптау қызметін «Дәнекер-2024» қоғамдық бірлестігі жүзеге асырып, 1306 түп жасыл желекке күтім жасаған. Алдағы жылы тазалық пен көгалдандыруды күшейтуге 38,6 миллион теңге қаражат бөлінген. Қызмет сапасын жақсарту мақсатында мемлекеттік сатып алу процестері заң аясында жүргізіліп келеді. Осыған орай, округ әкімінің өкімімен ЖК «Рспаев» мердігер ретінде анықталған. Алайда прокуратура наразылығы негізінде бұл шартқа сот шешімі шыққанға дейін уақытша шектеу қойылған. Сондай-ақ, ескі, бос тұрған ғимараттарды бұзу жұмыстары да қолға алынуда. Қазіргі таңда Томан ауылындағы 4 гараж, 4 қора бұзылып, аумақ тазартылған. Нарын каналының жағасын тазалау мен биіктету жұмыстары да алдағы кезеңнің жоспарына енген.  Ауыл тазалығы мен көгалдандыру – тек әкімдік емес, барша тұрғынның ортақ жауапкершілігі. Кеңес барысында әкім Ғ.Боранбаев бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру үшін бақылау күшейіп, тиісті шаралар жүзеге асатынын атап өтті. Оның айтуынша, әрбір бастама халықтың қолдауы мен белсенділігіне арқа сүйейді. Қоғамдық кеңес мүшелері Аққыстау ауылының санитарлық тазалығы мен көркеюіне қатысты нақты ұсыныстар айтты. Олар тазалыққа бөлінген қаражаттың тиімді әрі ұқыпты жұмсалуын талап етті. Бұл жұмысқа тұрғындарды кеңінен жұмылдыру, әр көшенің тазалығын ұйымдастыру үшін көше белсенділері, еріктілер, депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелерін тарту қажеттігін айтты. Сонымен қатар ауылдың көркін бұзып тұрған ескі ғимараттарды аудандық полиция бөлімімен бірлесіп тез арада күреу тапсырылды.

 

 

Сөзбұйданың түйіні

Күн тәртібіне сай кеңес отырысында аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Алтынбек Қуанғали да баяндама жасап, Аққыстау ауылындағы құрылысы аяқталмай тұрған тұрғын үйлер мен өрт сөндіру депосының қазіргі жағдайын нақты деректермен баяндап өтті. Оның айтуынша, 60 пәтерлік үш тұрғын үйдің құрылысы 2019 жылы басталған. Жоба құны – 2 миллиард 977 миллион теңге. Алайда бастамасы сәтті көрінген құрылыс уақыт өте келе созылып, жыл сайын қаржы игерілгенімен, нысан толық аяқталмай қалған. Мердігер – «Дан-Строй-База-ЛТД» ЖШС мекемесі бірнеше мәрте шарт талаптарын орындамағаны үшін айыппұл төлеуге мәжбүр болған. 2022 және 2023 жылдары сот шешімімен жалпы көлемі 68 миллион теңгеден астам тұрақсыздық айыбы өндіріліп, 2024 жылы келісімшарт біржақты бұзылған.

– Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттамаға қайта түзету енгізу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл — көптен бері баспанасын күтіп отырған азаматтар үшін маңызды қадам. Бірақ нақты құрылыс қашан аяқталатыны әзірге белгісіз,-деді А.Есенбекұлы.

Жанып тұрған  тағы бір өзекті нысан – Аққыстау ауылындағы өрт сөндіру депосының құрылысы. Бөлім басшысының айтуынша, 2019 жылы басталған бұл жоба да сол күйі аяқсыз қалған.

–       Мердігер мекеме – «Гамма-С» ЖШС келісімшарт міндеттемелерін орындамаған. Оның үстінен сотқа арыз түсіп, жосықсыз қатысушы деп танылғанымен, орындалмаған жұмыстар үшін 60 миллион теңгені қайтару жөніндегі талап сотта қанағаттандырылмаған.Қазіргі таңда бұл нысанның да жобалық-сметалық құжаттамасына түзету енгізілуде. Жүргізілген техникалық сараптама нәтижесінде ғимараттың бір блогы – көлікжай мүлде жарамсыз деп танылған. Осыған орай, құрылыс толық аяқталуы үшін барлық құжаттар қайта қаралып, жаңа мердігер анықталуы қажет,-дейді Алтынбек Қуанғали.

Аудан орталығындағы маңызды әлеуметтік нысандардың осылайша жылдар бойы аяқталмай тұруы – тұрғындар үшін үлкен түйткіл. Бұл тек құрылыс емес, халықтың тұрмыс сапасына, қауіпсіздігіне, өмір сүру жағдайына тікелей әсер ететін мәселе. Алтынбек Қуанғалидың айтуынша, қазіргі таңда жобаға қатысты құжаттар дайындалу үстінде. Сараптамадан оң қорытынды шыққан соң барып тендер жарияланып, нақты жұмыстар қайта басталуы тиіс. Алайда ол – уақыттың еншісінде. Ал кеңес мүшелері аудан көлеміндегі құрылысы ұзаққа созылған нысандар мәселесінде бұрынғы мердігерлердің жауапсыздығы атап өтіліп, жаңа тендер арқылы таңдалатын мердігерлердің жұмысы қатаң бақылауға алынуы керектігі айтылды.

 

Қызметтің 6 түрі – электронды форматта

Қоғамдық кеңес отырысында қаралған маңызды мәселелердің бірі – мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы болды. Бұл тақырып бойынша баяндама жасаған Исатай ауылдық округінің әкімі Асылан Ғұбаш мемлекеттік қызметтердің цифрлық форматта қолжетімділігі, оны халыққа тиімді жеткізу жолдары жөнінде нақты деректермен бөлісті. Әкімнің айтуынша, қазіргі таңда мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алу – заман талабы. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында бұл жүйе біртіндеп жетілдіріліп, тұрғындардың уақытын үнемдеуге, қағазбастылықты азайтуға және ең бастысы – қызмет сапасын арттыруға бағытталған.

– Мемлекеттік қызметтер азаматтардың өмір сапасын жақсартуға тікелей әсер етеді. Сол себепті біз үшін халықтың бұл қызметтерді кедергісіз, оңай, әрі сапалы алуын қамтамасыз ету маңызды. Ауыл әкімдігінде заңға сәйкес қызмет алу үшін барлық жағдай жасалған,-деді Асылан Ғұбаш.

Исатай ауылдық округі әкімінің аппараты қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтің 6 түрін көрсетеді. Оның ішінде жер учаскесін алу үшін кезекке қою, нысаналы мақсатын өзгерту, жерді жеке меншікке сату секілді сұранысы жоғары бағыттар бар. 2024 жылы Egov.kz порталы арқылы 310 қызмет көрсетілген. Сонымен қатар «Е-лицензия» ақпараттық жүйесі арқылы да бірнеше өтініш тіркелген. Атап айтқанда, сауда-саттықсыз мемлекет меншігіндегі жерлерге құқық алу, сондай-ақ әскери қызметтен уақытша босатуға қатысты 21 студенттің дерегі тіркелген. Әкімнің сөзінше, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осы орайда, әкімдік ғимаратында «Өзіне-өзі қызмет көрсету» бұрышы жасақталған. Мұнда тұрғындар «Электрондық үкімет», «E-Salyq Azamat», «E-licence» сияқты платформалар арқылы қызмет түрлерін өз бетімен алуға мүмкіндік алады. Округ әкімдігі мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуде бірқатар жұмыстар атқарып келеді. Мекеме ішіне барлық қажетті ақпарат – стандарттар, регламенттер, қызмет көрсету тәртібі туралы нұсқаулықтар орналастырылған.

 

 

 

Биліктің қамы– халықтың бағы

Мемлекеттік қызмет – тек қана құжат рәсімдеу немесе өтініш қабылдау емес, бұл – билік пен халық арасындағы сенімнің өлшемі. Зинеден ауылдық округінде бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жолға қойылып, әрбір тұрғынға қолайлы әрі ашық қызмет көрсету басты басымдық ретінде белгіленген. Бұл туралы округ әкімі Айгүл Адилова нақты деректермен бөлісті.

– Мемлекеттік қызметтің сапасы – тұрғынның өмір сүру деңгейін арттырудың басты құралы. Біз халыққа тиімді әрі заманауи форматта қызмет көрсету үшін бар жағдайды жасап отырмыз. Әсіресе egov.kz, е-Salyq Azamat, E-licence сияқты порталдарды ауыл тұрғындарына кеңінен насихаттап, «өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышында» қолжетімді етіп отырмыз. Тұрғындар үйден шықпай-ақ көптеген қызмет түрін ала алады,-деді ауыл әкімі.

2024 жылы Зинеден округінде тұрғындардан түрлі мемлекеттік қызмет түрлері бойынша нақты сұраныстар түскен. Бұдан бөлек, 20 студент E-licence ақпараттық жүйесі арқылы әскери есепке тіркеліп, заң аясында кейінге шегерілді. Әкім аппараты ғимаратында тұрғындар үшін электрондық порталды пайдалануға арналған «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы» жұмыс істейді. Бұл жерде тұрғындар өздігінен онлайн қызмет түрлерін ала алады. Сонымен бірге, заң талаптарына сай барлық қызмет стандарттары мен регламенттері жазылған ақпараттық стендтер орнатылған. Қызмет көрсету сапасы тек жұмыс көрсеткіші ғана емес, ол халықтың билікке деген сенімін қалыптастыру тетігі. Сондықтан да бұл бағыттағы жұмыстар Зинеден округінде тұрақты түрде жалғаса бермек.

Ауылдық округ әкімдерінің халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы есептері тыңдалып, кеңес мүшелері тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде бюрократиялық кедергілерге жол берілмеуі, жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу үшін барлық шаралар қабылдануы тиіс екені ескертілді.

Қоғамдық кеңестің бұл жолғы отырысы – билік пен халық арасындағы байланыстың нақты көрінісі болды. Кеңес мүшелері көтерген мәселелер мен ұсыныстар аудан дамуына серпін беріп, жергілікті атқарушы органдардың жұмысына қоғамдық бақылаудың бар екенін көрсетті.

 

Жайна ИСЛАТ,

суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT