Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында атап өтілген маңызды бастамалардың бірі – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында елімізде жаңа мектептердің салынуы. Бұл жоба аясында жалпы саны 217 заманауи мектеп тұрғызу көзделген болса, соның 150-і бүгінде іске қосылып, оқушыларға есігін айқара ашты. Ал қалған білім беру нысандарының құрылысы алдағы үш ай ішінде толық аяқталуы тиіс. Бұл – еліміздің білім беру саласында ауқымды әрі нақты жүзеге асырылып жатқан қадамдардың айғағы.
Аталған жоба мектеп инфрақұрылымын жаңғыртып, заманауи оқу стандарттарына сай келетін білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған. Жаңа мектептер заманауи құрал-жабдықтармен, цифрлық технологиялармен және қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етіледі. Мұндай қолайлы орта – балалардың жан-жақты дамуына, сапалы білім алуына және мұғалімдердің тиімді жұмыс істеуіне зор мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, бұл бастама апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге, шалғайдағы елді мекендердегі балалардың білімге қолжетімділігін арттыруға сеп болмақ. Қазіргі таңда елімізде демографиялық өсім мен урбанизация нәтижесінде оқушы саны артып келеді. Сондықтан білім беру инфрақұрылымын уақтылы жаңарту – стратегиялық маңызы бар шара.
Жалпы алғанда, «Келешек мектептері» жобасы – тек жаңа ғимараттар салу емес, бұл – болашақ ұрпаққа сапалы білім беру, оларды заманауи талаптарға сай даярлау жолындағы нақты әрі тың реформа. Бұл – мемлекеттің білімге, жас ұрпақтың болашағына деген қамқорлығының көрінісі.
Айгүл АДИЛОВА,
Зинеден ауылының әкімі