Қатаң карантиндік шектеулер шарасы тағы екі аптаға созылып, соған қатысты облыстық мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің арнайы қаулысы жарияланған болатын.
Аудандық мониторингтік топпен бірге Аққыстау ауылындағы азық-түлдік дүкендері мен дәріханаларды араладық. Ондағы мақсат санитарлық талаптардың сақталуы мен әлеуметтік маңызы бар тауарлардағы шекті бағалардың тұрақтылығын қадағалау еді.
Жеміс-жидек сататын ашық базардағы тазалық мәселесі сын көтермей тұр. Онсыз да түске дейінгі жауған жаңбыр суынан аяқ алып жүру оңайға соқпайтын ашық базарда қауын-қарбыздардың арнайы орында тұрмай, лайлы жерде жайрап жатуы көңілге қаяу түсірді. Мониторингтік топ мүшелері әдеттегідей ескерту жасады. «Қауын-қарбыздар қара жерде шашылып жатпауы керек» дейді. Сатушы да «үнсіз қалмайын» дегендей қырық сылтау айтып жатыр. Солардың бірі «Астына қоятын ештеңеміз жоқ». Ол өз міндетіндегі жұмыс екендігін, сатушының тұтынушыға қылатын қызмет талабын естерінен шығарып алса керек.
Жеміс-жидектердің бетінің жабулы болуы қажеттігін де рейд сайын қақсап жүрген топ бұл жолы әлеуметтік маңызы бар тауарлар құнының шекті баға шеңберінен асыңқы екендігін байқап, бағаны қалыпқа келтіруді ескертті. Кәсіпкерлердің де айтар уәжі бар. Олардың айтуынша, қала басындағы көтерме бағаның өзі ұшынып тұр. «Пайда табу үшін үстіне тиын-тебен ғана қосамыз» деген саудагердің қолында тауардың берген бәсін дәлелдейтін анықтама жоқ болып шықты.
– Әлеуметтік маңызы бар тауарлар шекті баға көлемінен аспауы тиіс. Егер, ол тауарды өздеріңіз қымбатқа алсаңыздар, оны дәлелдейтін анықтама болуы керек. Сол кезде ғана әкелген өнімнің үстінен 20 пайыз мөлшерінде пайда көре аласыздар, - деді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Өтегенов.
Азық-түлік дүкендерінде де салғырттық басым. Тұтқаларды дизенфекциялау, сатушылардың қорғаныш құралдарын пайдалануы, тұтынушыларды бетпердесіз кіргізбеу секілді талаптардың кейбір дүкендерге қатысы жоқ секілді көрінді. Тұтқа ылғалды дәкемен оралмаған, сатушы қолғапсыз, еден жуусыз. Рейдті көре сала «ләпбайлап» жатқан дүкеншілер олқылықтардың орнын толтырып, талапқа сай жұмыс жасайтын боламыз бәйек болды. Рақымы кең мониторингтік топ бұл жолы да соңғы ескертулерін беріп тарқасты.
Келесіде кешірім жоқ сықылды. «Тәртіпке бағынбағандарға шара қолданамыз» дейді олар. Көрейік.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ