Әкенің орны бір бөлек

Отбасындағы әкенің орны бөлек. Ол – сол үйдің бар ауыртпалығын көтеретін, асырап-бағуға да, жақсы тәлім-тәрбие беруге де міндетті жан. 

Сондықтан әкені сыйлау, оған үлкен құрметпен, ілтипатпен қарау – балаға парыз.

Иә, әке – ұрпақтың панасы, үйдің басшысы әрі тәрбиешісі. Өмірге келген баланың әрбір сәтті қадамы – әке үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш. Әке ақылымен жүру, ешкімнің ала жібін аттамай, адал ғұмыр кешуді үйрену баланы тек жақсылыққа апармақшы.

«Әкеге бағыну – Аллаға бағыну» депті Мұхаммед пайғамбарымыз. Демек, әкені ренжітпей, оның айтқанынан шығып отыру – әр перзенттің басты парызы. Әке ұл-қызын намысшылдыққа, елі, қала берді өз бауырлары үшін еңбек етіп, өмір сүруге баулып отырады. Оның мейірімі мен талап қойғыштығының, еңбекқорлығының бала тәрбиесіне ықпалы көп.

Әкенің де балаға деген махаббаты шексіз болса игі. Бірде Хазіреті Омар (р.а.) Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) немерелері Хасан мен Хүсейінді «ат болып», арқасына отырғызып алып жүрген күйде көреді де оларға: «Астыларыңдағы аттарың қандай бағалы еді» деп қалжыңдайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Олар да қандай жақсы шабандоздар» деген екен. Ялла ибн Мүррә Алла Елшісінің (с.ғ.с.) бірде қонаққа бара жатып, жолда балалармен ойнап жүрген немересі Хүсейінді де ала кетпек болғандығын, бірақ Хүсейіннің атасын көргенде қашып, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) оның артынан бала секілді қорбаңдап жүгіріп, қуғанын айтқан.

Ұл бала тәлім-тәрбиені әкеден алғаны жөн-ақ. Әкенің түзу тәрбиесін көрген бала ешқашанда жаман болмас. Бала – ата-ананың айнасы. «Жаман бала жаман ата-анадан шығады» деп кесіп айтпасақ та, ата-ананың балаға деген немқұрайдылығы оның мінезін бұзатынын ескеріп, әкелерге бала тәрбиесіне барыңызды салыңыз, қалғанын Аллаға тәуекел етіңіз десек болады.

Әке бала тәрбиесі оның анасының тәрбиесінен басталатынын, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әкенің бала алдындағы ең бірінші міндеті – оған жақсы ана таңдау деп бекер айтпағанын білуі керек. Ибн Омардың Пайғамбардан (с.ғ.с.) жеткізген бір хадисінде: «Сендердің бәрің де бақташысыңдар, бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар. Әмірші адамдарға бақташы, ол сол отарына жауапты, ер кісі өз отбасына бақташы, сол отарына жауапты, ал әйел күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі соларға жауапты...» дейді. Сондықтан да, балаңыздың қайырлы болып өсуін әркез Алладан сұраңыз. Балаңыз адал болсын десеңіз, адал ас беріңіз. Бала сыпайы, тәртіпті болып өсуі үшін, ең алдымен, өз тәртібіңізге, өзіңізді ұстауыңыз-ға, адамдармен араласуыңызға мән беріңіз. Қоғамдық көлікте болмашы әрекетке бола басқалармен бет жыртысып жатсаңыз, тіпті тілі шықпаған, есін білмейтін баланың өзі бұл әрекетті өзіне тіке қабылдайды. Жалпы, әкенің бала тәрбиесіне деген жауапкершілігі мол екендігін естен шығармасақ екен.

Арайлым ДАУЛЕТОВА,

«Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығының маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521