Дәстүрлі түрде өтетін ауылдық округтердің «Өнерім саған, туған ел!» атты сазды бағдарламасын ауданымызда кезінде өнер керуенінің көшін бастаған, топырағынан тарих сыр шерткен, атырабынан арқалылар мен ақтаңгерлер шыққан, қойнауы құт, келешегі кемел Хамит Ерғалиев ауылының өнерпаздары жалғастырды, – деп хабарлайды «Нарын таңы» газеті.
Өнер кешінде осы өңірден түлеп ұшқан дарындар мен ауыл таланттары көрерменге рухани ләззат сыйлады. Құмы мен жусанының қауызынан күйшілік пен ақындықтың дәні шашылған, кіндігі күймен кесіліп, тұсауы жырмен шешілген, бесігі әнмен тербелген бұл өлкеде өнер мен руханиятқа бас ию – қасиетті парыз.
Кеш шымылдығы округ әкімінің қаржы және шаруашылық бөлімінің басшысы Аслан Мұратұлының жүрекжарды лебізімен ашылды.
– Бүгінгі кеш тек өнер кеші ғана емес, бұл – туған жерге деген жүрек лүпілі, перзенттік махаббаттың жарқын көрінісі. «Өнерім саған, туған ел!» деген атаудың өзі бәріміздің көңіл күйімізді білдіріп тұрғандай. Қасиетті Қамысқала өңірі – өнер мен тарих тоғысқан киелі мекен. Бұл жерден талай дүлдүлдер мен дарабоздар шыққан, халқының намысын арқалап, ел рухын биіктеткен тарландар туған. Бүгінгі сахнада өнер көрсететін әрбір ауыл өнерпазы – өз еліне, жеріне деген шынайы ықыласын жүрекпен жеткізетін азамат. Олар – ауылдың рухани тірегі, елдің үміті. Осындай өнерлі азаматтарымыздың барын ел алдында дәріптеп, қолдау көрсету біздің ортақ міндетіміз,-деп ауыл өнерпаздарының еңбегіне жоғары бағасын беріп, шығармашылық жолында табыс тіледі.
Алғашқылардың бірі болып сахна төрінде Қамысқала ауылдық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Көркем-ай» би тобы «Кең жайлау» биін билеп, қимыл-ырғақ пен ұлттық нақышты ұштастырған өнерімен көзге түсті. Би ұжымының көркемдік жетекшісі Зинагүл Мұхтарованың ұйытқы болуымен тынымсыз дайындықтың жемісі көрінді.
Новобогат орта мектебінің ұстазы, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері Гүлайнаш Қапаева Дина Исмайылдың «Ауылым» әнін орындап, туған жерге деген сағыныш пен сүйіспеншілікті әуезді әнмен өрнектеді.
Сахна төріне шыққан қыздар тобы Ербол Байырбековтің «Абысын-ажындар» әнін орындап, халқымыздың отбасылық татулықты, абысын арасындағы сыйластықты дәріптейтін қастерлі дәстүрін әдемі жеткізді.
Кеш барысында қобыздың қоңыр үнімен көмкерілген «Таптым-ау сені» атты композицияны Гаухар Исақулова тебірене орындады. Бұл туынды көрерменнің көңіл пернесін дөп басып, қобыз сарынына елтіп, тамсандырды.
Кештің бір ерекше сәті – қазақтың тұңғыш бард әншісі Табылды Досымовтың туғанына 60 жыл толуына арналған бөлім болды. Биіктікті қыранның қанатымен өлшеп, аспанға қол созған бірегей дарынның шығармалары тыңдарманын әлі күнге тамсантып келеді. Алты ішектің арланы атанған Табылдының «Биіктік» әнін Ілияс Сейілханұлы тебірене орындап, көрерменді бір сәт тебіреністерге толы сырлы әлемге жетеледі.
Мектеп оқушылары да өнерден қалыс қалмады. Новобогат орта мектебінің оқушыларынан құралған «Шабыт» тобы «Ана туралы» әндер топтамасын көркем жеткізді. Жетекшісі Гүлайнаш Ахметқалиқызы шәкірттерін үлкен сахнаға дайындаудағы еңбегімен ел алғысына бөленді.
Кеш соңында Исатай ауданы әкімінің орынбасары Нұрберген Мұратұлы аудан әкімі атынан Динара Сәрсенбайқызы, Назерке Тұрсынғалиқызы, Мөлдір Темірханқызы сынды өнерпаздарға ыстық ықыласын білдіріп, алғыс хаттар мен марапаттар табыстады.
Туған жердің киелі сахнасын әнмен әрлеген, жырмен тербеткен бұл кеш – ауыл өнерпаздарының шынайы таланты мен елге деген махаббатының айғағы болды.
Камила ҚҰРМАНҒАЗИЕВА