«Кешегіні білсін ертеңгі»  атты кітаптың тұсаукесері өтті

 Аудан орталығының «Бегайдар» мейрамханасында Қазақстан  қарулы Күштер  саласының  ардагері  Ғарифолла  Төлеуұлының «Кешегіні білсін ертеңгі»  атты кітабының тұсаукесері  болып өтті. Оған ардагер  ағаны  білетін жерлес  ағайын-туыстары,  іні- бауырлары,  замандастары,  бірге оқыған  курстастары, сыныптастары,  құрдастары, сыйлас  ел ағалары  қатысты.

Шараның ашылу салтанатында Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, белгілі қаламгер Сейілхан Қайыржанов кітаптың жазылу тарихына тоқталып өтті.

-Құрметті ағайын-туыс, дос-жарандар, кітапта кейінгі өскелең жас ұрпаққа айтылар сырлар көп екен. Өте мазмұнды жазылған. Өздеріңіз білесіздер, ағамыз Исатай ауданында  туып-өскенімен, бүкіл өмірінің тең жартысы қасиетті де киелі Маңғыстау өлкесінде өтті. Сонда әскери салада жастарды отансүйгіштікке баулуда аянбай еңбек етті. Қарулы күштер қатарында табан аудармастан еңбек ету –екінің бірінің қолынан келе бермейді. Оған жігерлі, төзімді азаматтар ғана шыдайды. Ағамыз зейнеткерлікке шыққан соң, туған жерге келіп, бүгінгі өскелең ұрпақты әскери салаға тәрбиелеуде көп еңбек сіңіргенін қос аудан халқы жақсы біледі. Кітап «Айбасым-туысқандар,тірек-белім», «Әс-керлік қызмет-патриотттық борышың», «Өткенді білмей, келешек жоқ» деген үш бөлімнен тұрады, -деді ол.

Бұдан кейін кітаптың  тұсаукесер рәсімі жасалып, алыстан-жақыннан келген құрметті қонақтар мен жерлестер кітап туралы өз ыстық лебіздерін білдіріп, құттықтау сөз сөйледі. Күй шертіліп, әсем әннен шашу шашылды. 

Бұл кітаптың авторы  Оралбек Ғарифолла  Төлеуұлы  осы нарын өңірінің тумасы. 1962 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін  Гурьев  педагогикалық институтының  физика пәні мұғалімі  факультетін  бітірген.  1964-1967 жылдары аралығында Түрікменстан,  Өзбекстан  Республикаларында әскери  борышын  өтеген. Гурьев  қалалық партия  комитетінде  жауапты жұмыста болып,  1971 жылы  Қарулы күштер қатарына  офицер  кадр  ретінде қызметке  шақырылып, 1992 жылға дейін  Маңғыстау  облысының  аудандарында,  Қызылорда  облысының  Қазалы  ауданында, (Теңіз) Құрманғазы ауданында әскери комиссары болған.  1974 жылы Алматы жалпы әскерлік-командалық училищесін «Жалпы әскерлік-командалық» мамандығы бо-йынша оқып,  бітірген. 1992 жылы сәуір айында Қарулы күштер қатаранынан  запасқа  шыққан. 1992-1993 жылдары халық депутаты  Теңіз  аудандық  кеңесі төрағасының  орынбасары болып еңбек еткен. 2005 жылдан бастап Б.Бегалиев  атындағы орта мектепте «алғашқы әскери дайындық нәнінің ұйымдастырушы-оқытушысы» лауазымдық міндетін атқарып, 2017 жылы зейнеткерлікке шыққан.  Ксро Қарулы күштері қатарындағы мінсіз қызметі үшін көптеген  медальдармен,  төсбелгілермен, құрмет грамоталармен  марапатталған.

Ғ.Оралбек  бұл күнде көрші құрманғазы ауданында тұрады. Үлгілі отбасы иесі.  Зайыбы ұлболсын екеуі 8 ұл-қыз тәрбиелеп  өсірген.  3 ұлы  әке  жолын жалғастырған әскери қызметкер.  Балаларының бәрі де таңдаған мамандықтары  бойынша әр салада жемісті  еңбек етуде.

Оқырманға  алғаш рет ұсынылып  отырған  «кешегіні білсін ертеңгі» атты кітабында  автордың  Қазақстан Қарулы Күштері қатарында қызмет атқарған кездегі  жас сарбаздан бастап,  аға офицер шеніне дейіінгі өмір жолы, ұстаздық қызметі  толықтай қамтылған. Бір сөзбен айтқанда, кітаптың қазіргі ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде алатын орны ерекше.

 

Аяпберген Салихов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521