«Кеттік!»: жанар-жағар май бағасы старт алды ​

Қазақстанда жанар-жағар май бағасы өседі. ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов бензин мен дизель отынының қымбаттауы қажеттіліктен туындап отырған шара екенін айтты. Десек те, жанар-жағармай бәсінің өсіміне неліктен рұқсат беріліп отыр? Мәселенің мәнісін республикалық басылымдар материалдарына сүйене отырып дайындаған шолу барысында анықтадық.

1961 жылы 12 сәуірде «Восток» ғарыш кемесін ұшыру кезінде тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин «Кеттік!»,-деген еді. Санаулы күндерден кейін біздің елде де осы тіркесті айтуға болады. Бұған алып-қосарымыз жоқ. Өйткені, енді бағаның «ғарыштық»өсімі ықтимал. Иә, мамандар жанар-жағар май бәсінің қымбаттау себептерінің бірі – арзан қазақстандық отынның елден жырақ кетуі мен көршілермен бағаны теңестіру үшін  олардың баяу көтерілуін айтады. Алайда, алдымен арзан бағаның қазақстандық отынның шетелде бірнеше мәрте сатылуына қалай әсер ететінін талдап көрелікші. Қалайша Қазақстан өзге мемлекет экономикасын арзан отынмен «тойдырып» отыр?

«Ism.kz» ақпараттық порталының хабарлауынша, Үкімет басшысы Әлихан Смайылов елімізде жанар-жағар май бағасын өсіруден басқа жол жоқ екендігін жеткізді. 12-сәуренден бастап Қазақстанда АИ-92, АИ-93 маркалы бензинін 11 пайызға, яғни бір литрін 205 теңгеге, ал, дизель отынын – 20 пайызға, 295 теңгеге өсіруді жоспарлап отыр. «Бұл оңай шешім емес, бірақ мәжбүрліктен туып отырған жағдай: Егер мұны қазір жасамақ жақында арада отын тапшылығына тап боламыз»,-деп түсіндірді ол. Премьер-министр елімізде дизель отынының жан басына шаққанда тұтыну мөлшері жоғары екенін де атап айтты. Айталық, Қазақстанда жылына 370 литр болса, көршілес Ресейде бұл көрсеткіш 225 литр, Қырғызстанда 98 литр, Өзбекстанда 44 литрді құрайды екен. Оның үстіне, сұраныс жылдан-жылға артып отыр.

Бұл көршілес елдерге транзиттік көлікпен және «сұр» экспорт түріндегі жанар-жағармай экспортыкөлемінің өсуіне байланысты. Сондай-ақ, республика экономикасының негізгі салаларында нақты тұтыну өзгерген жоқ, – деген Үкімет басшысы мемлекет жанар-жағармай өндірісін ұлғайту бойынша барлық шараларды қабылдап жатқанын атап өтті. Өткен жылы дизельдік отынның рекордтық көлемі 5,2 млн тонна өндірілген. Жалпы, соңғы бес жылда бензин өндіру 70 пайызға, дизель отыны 33 пайызға өскен.

–Біздің мұнай өңдеу зауыттарымыз барлық қуаттылығында жұмыс істеп жатыр. Алайда, біз үнемі жанар-жағай майға тапшылық тәуекеліне тап боламыз. Экспорт пен тапшылықтың негізгі факторы – Қазақстандағы жанар-жағармай бағасының төмендігі. Мысалы, дизель Ресейде-45 пайызға, Қырғызстанда-64 пайызға, Өзбекстанда екі есе қымбат. Соның салдарынан, көршілес елдерге арзан жанармай түрлі жолдармен ағып жатыр, - деп атап өткен Әлихан Смайылов наурыз айында отын шығыны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға артқанын жеткізді. Сондықтан баға диспропорциясынтөмендетпесе, еліміз 850 мың тоннаға дейін тапшылыққа тап болуы мүмкін. «Біздің арзан жанар-жағармайымыз көрші елдердің экономикасы үшін өзіміздің ұлттық мүддемізге нұқсан келтіретін болып шықты. Сондықтан, жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін баға айырмашылығын азайту қажет. Бұл елден мұнай өнімдерінің кетуін азайтып, нарық сұранысын қамтамасыз етеді. Басқаамалымыз жоқ», - деді Премьер-министр. Ол ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің литрі 204 теңгеден арзандатылған дизельдік отынмен толық қамтамасыз етілгенін, олар үшін баға өзгермейтінін айтты. Оның айтуынша, Үкімет отынның ішкі нарығын қолдау және заңсыз экспорттың кез келген мүмкіндігін тежеу ​​үшін басқа да шараларды қабылдамақ.

Бұрын Энергетика министрі болған Болат Ақшолақов дизель отынының «сұр» экспортындағы маржа жылына 140 миллион долларға жеткенін айтқан еді. Үкімет бұған дейін елден мұнай өнімдерін экспорттау мәселесін ел азаматтары үшін бөлек, шетел азаматтары үшін басқа баға қойып шектеуарқылы шешпек болған. Бірақ, бұл механизм оң нәтижесін бермеді. Белгілі болғандай, биыл 10-қаңтарда Қазақстан Республикасының Энергетика министрі «Бағаны мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдерінің тізбесін бекіту туралы» қолданыстағы бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізген болатын. Яғни, мұнай өнімдеріне бағаны мемлекет бағаны былайша реттеді: 1) АИ-80 бензині, бөлшек сауда; 2) АИ-92 бензині, бөлшек сауда; 3) АИ-93 бензині, бөлшек сауда; 4) дизель отыны (жазғы, маусымаралық), бөлшек сауда. Осы тәртіппен келесі сұрыптардағы бензиннің шекті бағасы бұрынғы деңгейде қалды: АИ-80 – литріне 89 теңге, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында АИ-92 және АИ-93 маркалы бензиннің бағасы литріне - 187 теңге. Қазақстанның басқа аймақтарында литрі - 182 теңге. Дизель отынына Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде – өңірге байланысты литріне 230-260 теңге бағасында, тәулігіне 100 литр мөлшерінде, ал жүк көліктеріне, арнайы, мамандандырылған автокөліктерге және автобустар Қазақстан Республикасында көлік құралының тіркеу куәлігін көрсеткен кезде, күніне бекітілген лимит аймаққа байланысты литріне - 230-260 теңге бағасында 300 литрді құрайды. Қалған санаттағы тұлғалар, сондай-ақ, белгіленген лимиттен тыс дизель отыны литріне 450 теңгеден сатылып жатыр.

Сарапшы Олжас Байділдинов Қазақстан үшін арзан энергия ресурстарының дәуірі аяқталғанын айтады. Оның есептеулері бойынша елімізде АИ-92-нің шығынсыз құны литріне 250 теңгеден асады, деп түсіндірді ол «lsm.kz» ақпарат порталына. Сондай-ақ,ҚР Энергетика министрлігінің жанар-жағармайдың шекті бағасын көтеру туралы шешіміне тоқталған Байділдинов бұл шығынсыз деңгейге жетуге жасалған қадам деп түсіндірді.

– АИ-92 үшін қазіргі жағдайда және ағымдағы бағам бойынша шығынсыздық нүктесі 250 теңгеден асады. Жазғы дизель отыны – 350 теңгеден жоғары, – деп түсіндірді маман. Сонымен қатар, ол Энергетика министрлігінің қазіргі бұйрығы әлі тапшылықты жоймайтынын, көрші мемлекеттермен бағаны теңестіруге әкелмейтінін қосты. Шара уақытша шешім болып табылады. Осыған байланысты,қазақстандықтар жанар-жағармай бағасының одан әрі өсімі болу ықтималдығын есте ұстауы тиіс.

– Мұнай өндіру, өңдеу және тасымалдау АҚШ долларымен тығыз байланысты. Тиісінше, егер теңге құнсызданса, ішкі бағаның экономикасы қайтадан нашарлайды, - деп болжайды Байділдинов.

Оның пікірінше, бүгінде мемлекеттік органдар елдегі мұнай өнімдерін тұтынудың нақты деңгейін түсінбейді. Бұл бағаның теңгерімсіздігі жойылған жағдайда мүмкін болады. Осыған байланыстысарапшы ірі мұнай өңдеу зауыттары қуаттылық шегінде жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар,тұтыну көлемі жыл сайын артып келеді (өткен жылы 120 мыңнан астам жаңа көлік + «сұр» импорт сатылған). «Шымкент мұнай өңдеу зауытын кеңейту шамамен 2029-2030 жылдары аяқталады. Ол уақытқа дейін ішкі нарықтағы тапшылық артады», - деп сендірді сарапшы. Ол жаңа мұнай өңдеу зауыттары бағаның тиімсіз және әлеуетті инвесторға тиімсіз болуына байланысты пайда болмайтынын атап өтті. Ал сол «ҚазМұнайГаз» да түбі жоқ бөшке емес. Оның үстіне,компания IPO-ға шықты.

Тұтынушыларға келетін болсақ, Байділдиновтың айтуынша, 100 шақырымға 10 литр және айына 1000 шақырым жүріске ие отбасы үшін орташа автокөлік 100 литр бензин жұмсайды. 20 теңгенің көтерілуі 2000 теңге қосымша шығынды білдіреді, деп есептейді ол. Байділдиновтың айтуынша, Алматыдан Астанаға жеміс-жидек пен көкөністі тасымалдауда дизель отынының көлік шығындарының үлесі де аз: 1 кг үшін 10 теңгеден аспайды. Осы орайда, экономист жанар-жағармай бағасы соңғы жылдары өзгермегенін, ал жеміс-жидек пен көкөніс шамамен екі есеге қымбаттағанын еске салды.

«Жанар-жағармай нарығындағы жағдай Қазақстандағы екі танымал есімге байланысты» немесе «Мемлекет салаға бақылауды қалпына келтірген кезде бағалар төмендейді» дегендердің барлығынан өтінемін, мойындауларыңызды сұраймын. Сіздердің қателіктеріңіз: бүгінде мұнайдың көтерме нарығының 80%-ын «ҚазМұнайГаз» бақылайды, мұнай өңдеу зауыты да ҚМГ меншігінде, көтерме де, бөлшек саудада да мемлекет бақылауда. Бағаларды төмендету жоқ. Қазақстанда арзан энергия тасымалдаушылардың дәуірі аяқталды. Бұл туралы ресми түрде хабарлау қажет», - деп түйіндеді сөзін Байділдинов.

Жергілікті жанар-жағармай тұтыну нарығына, Атырау облыстарын мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету және олардың динамикасына келсек, Атырау облысындағы көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін шаруа қожалықтарынабөлінген дизель отыны мен бензиннің көлемін білу үшін редакция облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшылығына сауал жолдады. Бұл жұмыстары туралы алдағы уақытта жариялайтын боламыз.

 


Дайындаған Тимур ҚАЗИЕВ

сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT