Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұрттың діни сауатын арттыру керек. Азаматтарымыз шынайы исламның құндылықтарын білуге тиіс. Сол құндылықтар-ды халық арасында түсіндіріп, дәріптеу қажет. Әсіресе өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген жөн. Көзі ашық, көкірегі ояу, білімді, санасы сергек ұрпақ ұлтқа адал қызмет етеді»,-деп атап өткен еді.
Бұл сөз – бүгінгі қоғам үшін бағдаршам іспетті. Дәстүрлі исламның тәлім-тәрбиесін терең түсініп, оны жастар санасына сіңіру – ел болашағын бекемдейтін бас-ты тіректердің бірі. Ауданда да осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 2025 жылдың екінші жартыжылдығына арналған аудандық «Ішкі саясат және тілдерді дамыту» бөлімінің жұмыс жоспарына сай, шілде айында ауылдық округтер мен мекемелерде дәстүрлі емес діни ағымдардың алдын алу және діни сауаттылықты арттыруға арналған бірқатар кездесулер өтті.
Іс-шараларға Атырау облыстық Дін істері басқармасының «Шапағат» қоғамдық қорының бөлім басшысы, теолог Ринат Қалмазұлы және аудандық ақпараттық-түсіндіру тобы-ның (АТТ) мүшелері – Ерболат Насимуллин, Жас-тар ресурстық орталығының басшысы Нұрдәулет Ателов, бас маманы Арсен Смайлов қатысты. Әр ауылдық округте өткен басқосуларда діннің қоғамдағы рөлі, зайырлы мемлекет қағидаттары, діни сауаттылықтың маңызы және жат ағымдардың қауіп-қатері жан-жақты талқыланды.
Алғашқы кездесу Х.Ерғалиев ауылындағы мәдениет үйінде өтті. Онда жиналған 17 тұрғынның арасында әйелдер мен қыз-келіншектер басым болды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин ислам дінінің қазақ өміріндегі орны мен мемлекетіміздегі зайырлылық принципін атап өтті. Ал теолог Ринат Қалмазұлы дәстүрлі емес діни ағымдардың белгілері мен олардың қоғамға тигізер зияны, діни сауаттылықтың қажеттілігі жөнінде нақты мысалдармен түсіндірді. Жиын барысында қатысушылар ерекше қара киім кию үрдісіне көзқарас, сондай-ақ қазіргі қазақ қоғамында үлкенді сыйлау, ата-анаға құрмет пен қарттар үйіне тапсыруға қатысты исламның ұстанымы жөнінде сауалдар қойды. Келесі келелі кездесу Тұщықұдық ауылында өтті.
Мұнда діни сауаттылықтың маңызы мен Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 453 және 490-баптарындағы талаптар түсіндірілді. Әңгіме барысында өмірден өткен адамдарға тірілер тарапынан жасалатын сауапты амалдар, жаназа рәсімдеріндегі ысырапшылдықты тоқтату жолдары және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұсынған талаптарды толық орындау мәселелері қозғалды.
Жалғасы газеттің №32 (4245) санында
Әсел ТАБИҒАТОВА