Кезек күттірмейтін мәселе

Елімізде жанар-жағармай бағасының өсетіні белгілі болды. Экономист ретінде бұл ең қажетті шара деп есептеймін. Негізінен, бұл проблеманы шешуді қазір емес, осыдан 30 жыл бұрын бастау керек еді. Сонда бұл салада жыл сайын ешқандай мәселе туындамайтын.

Жасыратыны жоқ, бірқатар елдердегі жанар жағармайдағы баға бағамын Ресейдегі ахуал шешеді. Ал бізде бұл салада еркін айналым бар және де алып-сатуға ешкім де шектеу қоя алмайды. Соның салдарынан біздің арзан бензиніміз көрші мемелекеттерге кетіп жатыр. Сондықтан Ресейге қарағанда, елімізде жанар жағармайдың-дың арзан болуы да сондықтан.

Қалай десек те, қазіргі елімізде мұнай өңдеп тұрған үш зауыт Қазақстанның жанар жағармайға деген сұранысын толық өтей алмай тұр. Сол себепті елімізде жаңадан мұнай өңдеу зауытын салуды 30 жыл бұрын бастап кету керек еді. Мен мұнай өндірісінде 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келемін. Сол 90-жылдарыдың басында-ақ жаңа зауыт салу мәселесі көтеріліп келгені әлі есімде. Алматыдағы экономика және нарықтық ресурстар институтында Одақтық Экономика комитетінің тапсырысы бойынша Мемлекеттік жоспар жасақталды. Онда еліміздің өндірістік қуатының, соның ішінде зауыттардың да жалпы схемасы болды. Міне, осы өндірістік нысандар ішінде Маңғыстау облысынан жаңа мұнай өңдеу зауытының құрылысын салу да жоспарға енгізілді. Тіпті, орны дайындалып қойғаны да айтылып жүрді. Қазір ол жоба қайда, зауыт алаңының орны бар ма, болса қай жерде? Белгісіз! Әрине, бензин бағасының өсуіне халықтың көңілі толмайтыны анық. Бәрі қымбаттап жатыр, бірақ жалақы көтерілмей тұр. Десек те Үкімет бұл бағытта жұмыстар жүргізіп жатқанын естен шығармау керек. 2019 жылы еліміздегі ең төменгі еңбекақы 40 мың теңгеден сәл асса, қазір 70 мың теңгеге жетті. Өсім бар! Қалай десек те, қазіргідей қымбатшылық екі өкпеден қысқан заманда жанар жағармай құнын қолдан ұстап тұрудың қажеті жоқ. Тым болмаса, бұл мәселе осыдан 10-15 жыл бұрын шешімін тапқанда, мүмкін, бүгінгідей қиын ахуал орын алмас па еді?! Қайткенде де бағаға қатысты мәселені шұғыл шешпесек бұл төңіректегі түйткілдер күрделене түседі. Проблема келер жылы, одан арғы жылдары да бас көтере береді.

Рас бұл бағытта атыраулық жүргізушілер өз ұсыныстарын да білдіріп жатыр. Соның бірі – жағар жағармай қымбаттаған жағдайда транспорт құралдарына салынатын салықты алып тастау немесе азайту. Әрине, мемлекет ұсыныс-пікірлерді де аяқсыз қалдырмауы керек деп есептеймін. Бұл өз кезегінде мәселенің оңтайлы шешілуіне септігін тигізеді.

Сөз соңында иағы да қайталап айтамын: бұл мәселе бүгін шешілмесе, онда жылма жыл «жырға» айналып, қайта-қайта бас қатыруымызға тура келеді. Сондықтан бензин мен дизель мәселесін енді ертеңге қалдырудың қажеті жоқ. Осылай қайталана берсе, жағдай ушыға түседі.

Мен, әрине, барша қазақстандықтар секілді қарапайым халықтың қымбатшылықтан зардап шекпегенін қалаймын. Бірақ экономика сауықтыруды талап етеді. Ал оның бірден бір жолы – жанар жағармай бағасын көтеру!

 


Күлян НҰРСҰЛТАНОВА,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің аға оқытушысы,

экономика ғылымдарының кандидаты

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT