Кезектен тыс сессияда жеті өзекті мәселе талқыланды

Ауданның бүгінгі тынысы – ауылдардың ертеңгі даму қарқыны. Әрбір жаңа бастама, әр шешім – жай ғана құжат емес, елдің еңсесін тіктеуге бағытталған нақты қадам. Сол себепті де ауданда көтерілер мәселе мен қабылданар шешімдердің барлығы салмақты сараптауды, жан-жақты талдауды қажет етеді. Бүгін аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында өткен VIII шақырылымдағы аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХLI сессиясы осы жауапкершіліктің айқын көрінісі болды.

Сессия жұмысына аудан әкімі Нұрым Мусин, депутаттар, бөлім басшылары мен тиісті мамандар қатысты. Аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов күн тәртібіндегі мәселелердің маңыздылығына тоқталып, әрбір ұсыныстың артында нақты есеп пен сараптама жатқанын атап өтті. Хабарламашылар да өз бағыттары бойынша жан-жақты түсіндірме беріп, депутаттар қойған сұрақтарға толық жауап қайтарды.

Бұл жолғы сессияның күн тәртібі әдеттегіден ауқымды болды. Депутаттар алдымен оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимі бойынша салықтарды есептеу тәртібін талқылап, оны нақтылау жөнінде ұсыныстарын білдірді. Сонымен бірге ауданға қарасты елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру мәселелері қаралып, облыстық ономастикалық комиссияға жолданатын ұсыныстар бекітілді. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия құрамына өзгерістер енгізілді. Бұған қоса, аудандық әкімдіктің дербес құрамына келісім беру туралы бұрынғы шешім қайта қаралып, қажетті түзетулер енгізілді. Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия мен терроризмге қарсы комиссия құрамдары жаңартылды. Сессия соңында депутаттық сауалдар бойынша ұсыныстар тыңдалып, тиісті шешімдер қабылданды.

Әр мәселе жеке талқыланып, заң талаптарына сүйене отырып шешім қабылданды. Бұл қабылданған өзгерістер – ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын күшейтуге, басқару тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадамдар.Қаралған мәселелердің бірінен-бірі маңызды болуы – ауданның алда тұрған міндеттерінің күрделілігін де, оларды шешудегі жүйелі жұмыстың бар екенін де көрсетеді. Қоғам өміріндегі кез келген өзгеріс дәл осындай ашық талқылаудан, кәсіби бағалаудан басталмақ. Ал бүгінгі сессия – аудан үшін жаңа шешімдерге, жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан тағы бір маңызды кезең.

 

Е.УӘЛИТХАНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT