Ауылдарды көгалдандыру бүгінгі күні маңыз беріліп отырған шаруалардың бірі десек болады. Алайда жазғы су желілерінің жоқтығынан ауылдарда бұл істің ілгері жылжымай отырғаны да шындық еді. Тіпті, сол үшін ауыз су желісіне «ауыз салу» тіршілік нәрінің сағатқа бөліп берілуіне де әкелетінін көріп жүрміз.
Енді міне, ауылдастар үшін суды сағаттап беруден құтылып, ауылды көгалдандыруды нақты қолға алар да мүмкіндік туғалы тұр. Осыдан бірер жыл бұрын бастап айтылғанымен жүзеге аспай келе жатқан іс қолға алынып, ауданның Х.Ерғалиев, Жанбай, Тұщықұдық ауылдарынан жазғы су құбырының құрылысы жүруде. Аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегеновтің айтуынша, аталған желі биыл пайдалануға беріледі. Су желісін іске қосуда каналдың жағасынан су жинақтау қоймасы салынады. «КазСушар» мекемесінің техникалық шартына сәйкес, қоймада 1 тәулікке қажетті су көлемінің 5 есесіндей су қоры болады. Ауылдың ішінде әр көше қиылысында құдықтар орналастырылады, онда су реттегіш құрылғылар қойылады. Қазір жұмыстар толық қуатында жүріп жатқан Тұщықұдық ауылында жүргізілетін желінің жалпы ұзындығы елу шақырымды құрайды екен, мердігер мекеме – «ГрандМастер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Жазғы су желісін жүргізудің негізгі мақсаты, жоғарыда келтірілгендей, ауылдық елді мекендерді көгалдандыру, жеке секторларда мал ұстауды, бау-бақша салуды дамытуға қолдау болып отыр. Бәрекелді дегізер бұл іске бүкіл ауылдастар қуанулы.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР