Х.Ерғалиев ауылында әкім сайлауы басталды

 

Бүгін Хамит Ерғалиев ауылы үшін маңызды күн. Себебі таңғы сағат 7:00-де  маңызды саяси оқиға – ауылдық округ әкімін сайлау басталды.

Бұл халықтың өз ауылының болашағына тікелей ықпал ету мүмкіндігіне ие болатын маңызды саяси сәт. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған саяси реформалардың бірі – ауыл әкімдерін тікелей халықтың сайлауы осы мақсатты көздейді.

Қамысқала ауылдық округіне Жасқайрат және Ауқайран елді мекендері қарайды. Округ халқының жалпы саны – 3871 адам. Оның ішінде 2338 сайлаушы тіркелген. Ауылдық округ аумағында 2 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда Ғ.Мәсәлімов атындағы орта мектебінде №128 сайлау учаскесі орналасса, Нобовогат орта мектебінде №129 сайлау учаскесі қызмет атқаруда.

Әрқайсысында дауыс беру процесі Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» заңына сәйкес ұйымдастырылған. Сайлау барысын байқаушылар мен кандидаттардың сенімді өкілдерді қадағалап отыр.

Мүгедектігі бар немесе денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтарға да жағдай жасалған.Үйден дауыс беруге өтініш білдіргендерге арнайы жылжымалы сайлау жәшігімен дауыс беру мүмкіндігі ұсынылды.

Ауыл әкіміне үміткер ретінде төрт азамат тіркеліп, заңмен белгіленген үгіт-насихат кезеңінде өз бағдарламаларын халыққа ұсынып үлгерді. Енді соңғы әрі шешуші сөз – сайлаушының өзінде. Дауыс беру кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады.

Бұл сайлау – Қамысқала ауылдық округінің даму бағытын айқындайтын, келешегіне әсер ететін маңызды белес. Жаңа әкімнің іскерлігі мен тұрғындардың сенімі ұштасқанда ғана округтің әлеуметтік-экономикалық және мәдени өрлеуі артады. Сондықтан бүгінгі сайлау – елдік ертеңнің іргетасы ретінде бағаланады.

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Республика күні

AQPARATPRINT