"Халыққа ризамыз". Қамысқалалық бір отбасы баспаналы болды

Х.Ерғалиев ауылында тағы бір аз қамтылған отбасы қайырымды жандардың қамқорлығымен баспаналы болды.

Қамысқалалық Жантілеу Айдаралиевтің баспана қиындығын көріп жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Екі балалы отбасының жазда ыссы, қыста қабырғасы суық тартатын, айналуға келмейтін аядай бір-ақ бөлмесі бар қуықтай үйде тұрып келе жатқанына ел куә. Баспана мәселесінің оңайлықпен шешіле қоймайтынын түсінген ауыл еріктілері Жантілеудің отбасына қуаныш сыйлап, сауабын алсақ деген оймен көптің көмегіне жүгініп, әлеуметтік желі арқылы үндеу жариялаған еді.

"Көп түкірсе-көл" демекші, ерікті, соңғы кездері қайырымдылық шараларына ұйытқы болып жүрген Новобогат орта мектебінің мұғалімі, тәжірибелі ұстаз Бибігүл Төлеуованың үндеуіне үн қосқан азаматтардың жүрек жылуы қамқорлыққа мұқтаж отбасына қуаныш сыйлады. Осылайша, жұмыла жиылған қаржыға қолайлы баспана алынып, шаңырақ шаттыққа кенелді.

2705ui

- Осыдан екі айдай уақыт бұрын бастамашыл топтың ұсынысымен Жантілеудің отбасына баспана алу мақсатында үндеу жариялаған едік. Міне, сол халықтың көмегімен көптен күткен қуанышты сәтке де куә болып отырмыз, - дейді баспана кілтін табыстау сәтінде сөз алған Бибігүл Төлеуова.

- Ауданның білім беру саласының қызметкерлері, аудан, ауыл тұрғындары, "Қамысқала" мешітінің жамағаты, аудандық жастар ресурстық орталығы, "Аяла", " Мейірім", "Қол соз" секілді бірнеше қоғамдық бірлестіктер осы баспанаға қаржы жинауға өз үлестерін қосты. Ерекше алғысты Х.Ерғалиев ауылының тұрғындарына айтқым келеді. Әсіресе, әріптестеріме, әр жылдарда мектеп бітірген шәкірттеріме ризашылығымды білдіргім келеді, - деген Бибігүл апай ауылдық округ әкімінің қолдауы мен осындағы "Біз - біргеміз!" еріктілер тобының еңбегін де ерекше атап өтті. "Енді кішкентай Жанерке мен Жанель өз үйінде оянатын болды, - дейді ол шын риза кейіпте.

Екі ай ішінде жиылған қаржыға отбасының өз таңдауымен ыңғайлы үй сатып алыныпты. Еріктілер жылындағы бұл игілікті іс әлі де жалғасады деп сенім білдірген ұстаз осындай сауапты амалдар көпке үлгі болса екен деген ниетте.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT