Қазір Қазақстан мен Қытай азаматтарының бір елден бір елге уақытша визасыз барыс-келіс орнатуына байланысты қоғамда қызу пікірталас жүріп жатыр.
Меніңше, бұған үрке қараудың қажеті жоқ. Өйткені бұл әлемдік тәжірибе де бұрыннан бар үрдіс.
"Бармасаң, көрмесең жат боларсың" демекші, егер сан ғасырлық тарихымызға көз жүгіртсек, ата-бабаларымыз сауда-саттық бағытында керуен жолдарын салып, көрші елдермен баяғыдан ұзақ жылдар бойы тығыз байланыс орнатқанын білеміз.
Содан бері де қаншама жүздеген жылдар өтті. Әлеуметтік желілерде айтылып жүргендей, ешқандай "қытай қаптағанын" көрген жоқпыз. Бұл пікірлер жуырда шыққан "Қазақстан мен Қытай азаматтары 30 күн визасыз жүре алады" деген мәселеге байланысты айтылып жатқан болуы керек. Естеріңізде болса, өткен жылы біздің еліміз "қытай азаматтары 14 күн визасыз жүре алатын" өзгеріс енгізген еді. Ал биыл визаны 16 күнге ұзартыпты. Визаны бұлай ұзарту бір жағынан қытайдағы қандастарымыздвң елге келуіне мүмкіндік болса, екінші жағынан экономикамыз бен әлеуметтік және мәдени қарым-қатынасымыздың жақсаруына, туризміміздің дамуына, халықаралық байланысымыздың артуына оң ықпалын тигізетіні сөзсіз деп ойлаймын.
Сәкен ШАРАПИДЕНОВ,
мұнайшы,
аудандық мәслихат депутаты.