Халық үні – мәслихат мінберінде

 

Әр дәуірдің жаңғыруына серпін беретін – халықтың үні. Елдің жүрегінен шыққан сөз билікке жетіп, шешімге айналғанда  ғана мемлекет пен қоғам арасындағы байланыс шынайы болады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы да дәл осы  қағиданы  айқындап  берді. Әділетті Қазақстан құрудың басты тірегі саналатын бұл ұстаным бүгінгі таңда ел өмірінің барлық саласында басшылыққа алынып, билік пен бұқара арасындағы сенімді диалогтың негізіне айналып отыр.

Осыған орай жуырда VIII сайланған Исатай аудандық мәслихатының тұрақты комиссияларының біріккен мәжілісі өтті. Мәжіліс барысында жергілікті жердегі өзекті мәселелер талқыланып, қоғам сұранысына сай шешім қабылдаудың нақты тетіктері сөз болды. Бұл жиын тек есеп беру немесе жоспар талқылау алаңы емес, халықтың күнделікті өміріне қатысты көкейкесті проблемаларды шешудің ортақ пікір алаңына айналды.

Депутаттар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ұсыныстарын ортаға салып қана қоймай, тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін мәселелерді де назарға алды. Әсіресе ауылдық жерлердегі инфрақұрылым, жол мен ауыз су мәселесі, жастарды жұмыспен қамту, мәдениет пен спортты дамыту, ауыл шаруашылығы саласын қолдау сынды бағыттар ерекше қаралды. Әр ұсыныс талқыға салынып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.

 

 

Бұл жиын халықтың сенімін арттыруға, жергілікті билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған қадам болды. Өйткені елдің мүддесін қорғау, қоғамдағы үнді жеткізу – депутаттың басты міндеті. Мәслихат жұмысының нәтижелілігі де халықпен байланысының қаншалықты берік екенімен өлшенетіні анық.

 

АПАТТЫ ДЕПО, ТОҚТАҒАН ҚҰРЫЛЫС – АУДАННЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕСІ

Алдымен аудан әкімі Нұрым Мусин жылдық жұмысына есеп беріп, өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалу барысына тоқталды. Экономикалық көрсеткіштер, әлеуметтік даму қарқыны, халық тұрмысына қатысты атқарылған істер – барлығы нақты деректермен баяндалды.

– Әділетті Қазақстан құру жолындағы басты мақсатымыз – тұрғындардың сенімін ақтау. Әрбір ауылдағы үлкенді-кішілі мәселе – біздің ортақ жауапкершілігіміз. Халықтың жағдайы түзеліп, тұрмысы жақсарса, ауданымыздың да абыройы артады. Сол үшін әр бастаманы жіті бақылап, нәтижеге жеткізу – біздің міндетіміз. Міне осы бағытта ауданымызда халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, ауылдардың инфрақұрылымын дамыту және тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл істің барлығы – елдің игілігі үшін, тұрғындардың тұрмысын жеңілдету үшін жасалып жатқан нақты қадамдар. Аққыстау ауылындағы ең өзекті мәселелердің бірі – өрт сөндіру депосының құрылысы еді. Өкінішке қарай, нысанның іргетасынан жарық пайда болып, техникалық тексеріс нәтижесінде апатты деп танылды.

Қазір жобаға түзетулер енгізілуде. Бұл жұмыстар толық аяқталған соң жаңа мердігер анықталып, құрылыс қайта жалғасын табатын болады. Аталған нысанның тапсырыс берушісі – Атырау облысының құрылыс басқармасы. Сонымен қатар, Аққыстаудағы үш қабатты 60 пәтерлік тұрғын үйлердің құрылысы да бақылауда тұр. Құны 3 миллиард теңгеден асатын бұл жобаның негізгі бөлігі игерілгенімен, мердігер мекеменің салғырттығынан жұмыс сапалы әрі уақытында орындалмады. Соның салдарынан келісім-шарт біржақты бұзылды. Дегенмен, арнайы сараптамалардан кейін бұл құрылысты аяқтауға толық мүмкіндік бар екені белгілі болды. Қазір жобаны түзету жұмыстары жүргізіліп, тиісті рәсімдерден өтіп жатыр. Бұл үйлер халықтың баспаналы болуына үлкен мүмкіндік бермек. Аққыстауда «NCOC» компаниясының қолдауымен 60 пәтерлік тұрғын үй алаңы абаттандыру және инженерлік инфрақұрылым жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

 

 

Су, кәріз, газ, телефон, электр желілері тартылып, аумақ абаттандырылуда. Асфальттың алғашқы қабаты төселді. Бұл жоба аяқталғанда ауылдағы тұрғын үй сапасы жаңа деңгейге көтеріледі. Әлеуметтік әлсіз топтарды қолдау да – аудан үшін басты бағыттың бірі. Өткен жылы Аққыстау мен Тұщықұдық ауылдарынан 6 пәтер сатып алынып, мұқтаж отбасыларға берілді. Биыл бұл жұмыстар одан әрі жалғасып, 28 пәтер сатып алуға қаржы қарастырылды. Сонымен бірге апатты үйлердің тұрғындарын көшіру мақсатында қосымша 10 үй сатып алу жоспарланып отыр. Мәселен, Тұщықұдық ауылында апатты деп танылған 3 үйдің 17 отбасы жаңа баспанамен қамтылып, қоныс тойын тойлады.

Бұл бастамалардың барлығы  аудан тұрғындарының игілігі үшін жасалып жатқан жүйелі жұмыстардың бір бөлігі ғана. Алдағы уақытта да біз халықтың тұрмысын жақсартуды, ауылдардың ең өзекті мәселелерін шешуді басты міндетіміз ретінде қарастырамыз,-деген аудан басшысы атқарылып жатқан және аяқталған жұмыстарды толық баяндап өтті.

 

Жалғасы газеттің №39 (4252) санында

 

Жайна ИСЛАТ. 
Суреттерді түсірген: Камилла ҚҰРМАНҒАЗИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT