Құмды қиялай, теңізді жағалай қоныс еткен Исатай ауданына өткен аптада аймақ басшысы Серік Шәпкенов арнайы ат басын тіреді. Бұл сапар өңірдің бүгінгі тынысы мен ертеңгі еншісін айқындайтын маңызды жүздесуге ұласты. Тұщықұдық ауылында өткен басқосуда облыс әкімі халықпен бетпе-бет сөйлесіп, аймақтың алдағы әлеуметтік-экономикалық даму бағытын, қолға алынған жобалардың жай-күйін жан-жақты баяндады.
Аймақ басшысы биыл Аққыстауда 250 орындық сән-салтанаты келіскен өнер мектебі пайдалануға берілгеніне тоқталды. Ал Тұщықұдықта саз мектебінің құрылысы басталып, жақында Жанбайда да өнер ордасының іргесі қаланатынын атап өтті.
Сондай-ақ Нарын ауылындағы 300 орындық Мәдениет үйінің жобасына түзетулер енгізіліп жатқанын айтты. Жоба толық пысықталған соң құрылыс жұмыстары қайта жанданбақ. Нарын және Томан ауылдарында әрқайсысы 80 орынға лайықталған балабақшалар бой көтеріп жатыр, оларды жыл соңына дейін ел игілігіне беру жоспарланған. Биылдың өзінде Нарын және Зинеден ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілмек. Ал Х.Ерғалиев пен Исатай ауылдарында спорт кешендерінің құрылысы толық аяқталып, тұрғындардың спортпен шұғылдануына мүмкіндік молаяды.
– Жол инфрақұрылымы бойынша Тұщықұдық ауылында 8,3 шақырым ішкі жол қайта жаңғыртылды. Жанбайда (9,5 км) және Х. Ерғалиев ауылында (8,6 км) жөндеу жұмыстары жалғасуда. Биыл Қызыл үй ауылына кіреберіс жолдар мен Аққыстаудағы бірқатар көшелерге асфальт төселмек.Тұрғын үй-коммуналдық салада да нақты қадамдар жасалуда. Әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін былтыр 6 пәтер сатып алынса, биыл тағы 28 пәтер алу жоспарланып отыр. Аудан экономикасының маңызды бағыттарының бірі – шағын және орта бизнесті, сондай-ақ, өнеркәсіпті дамыту. Бұл тұрғыда бірнеше ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтсақ, олар – Х.Ерғалиев ауылында жылына 480 мың тонна сұйытылған азот пен оттегі өндіретін зауыт құрылысы және Тұщықұдық ауылында сыйымдылығы 500 тонна болатын сұйытылған газ қоймасының құрылысы, сондай-ақ, Жанбай ауылында метан құю бекетінің құрылысы,-деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі инвесторларды тек облыс орталығына ғана емес, аудандарға да тартудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде бұл бағытта барлық жағдай жасалған: кәсіпкерлерге инженерлік инфрақұрылымнан бастап жер телімдерін бөлуге дейінгі әр кезеңде толық қолдау көрсетіледі. Баяндама аяқталған соң аймақ басшысы тұрғындармен ашық диалог орнатып, олардың сұрақтарына жауап берді.
Жалғасы газеттің №32 (4245) санында
Жайна ИСЛАТ